Құқық қорғау органдары

Көліктердегі бағалы заттарды ұрлағандар ұсталды

Ұрылар бір түннің ішінде 8 бірдей көліктің ішіндегі бағалы заттарды қолды еткен. Көліктері тоналғанын иелері таңертең ғана біліп, тәртіп сақшыларына хабарласыпты. Полицейлер ізін суытпай үш күдіктіні ұстады.

Күдікті:


– Все по домам собирались расходиться, но пацаны потом предложили задержаться. Я остался. Ну, и мы полезли по машинам. Находили машины без сигнализации, разбивали стёкла, залезали внутрь.

Баукеспелер машиналардың әйнектерін балғамен шағып, салоннан бағалы бұйымдарды және көлік аккумуляторларын қолды еткен. Саусақ іздері қалып қоймас үшін қолдарында қолғап киіп, бұрағыш заттарды пайдаланыпты.

Қабира Мұхамбетова – Петропавл қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Жедел алдын алу шарасы барысында ұсталған 3 петропавлдықтың екеуі кәмелет жасына толмағандар. Қазіргі таңда ұрланған мүліктер заңбұзушылардан тәркіленді. Олар дабыл жүйесі жоқ темір тұлпарларды таңдаған. Сондықтан біз жүргізушілерге қауіпсіздік жүйесін орнатуға кеңес береміз. Салонда құжаттарды, ақша мен құнды заттарды қалдыруға болмайды. Мүлкіңіз ұрланған жағдайда дереу полиция бөлімшесіне хабарласуыңызды сұраймыз.

Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР қылмыстық кодексінің 188-ші бабы бойынша заңбұзушылар үштен бес жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Берік Қасен