Денсаулық сақтау

СҚО өткір ішек инфекциясы өршіп кеткен

Биыл облысымызда өткір ішек инфекциясы өршіп кеткен. Оны жұқтырғандардың 80 проценті балалар. Эпидемиолог мамандар мұның бәрі қарапайым санитарлық ережелерді сақтамаудан орын алған дейді.

Фарида Мұхамеджанова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:


– Үстіміздегі жылдың 5 айында 300-ге жуық өткір ішек инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 34 процентке жоғары. Инфекцияны көбінесе 14 жасқа дейінгі балалар жұқтырған. Олар санитарлық ережелерді сақтамаған. Жеміс-жидектер мен азық-түлік өнімдерін тұтынардың алдында оларды мүмкін болса сабынмен жақсылап жуып, одан кейін ыстық сумен шайған дұрыс. Шикі және піскен етті бөлек ыдыстарға салу қажет.

Өңірімізде тамақтан улану фактілері де жоқ емес. Жыл басынан облысымызда 5 тағамдық токсикоинфекция жағдайы тіркеліпті. Мұның бәрі үй жағдайында орын алған.

Наталья Беляева – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:


– Зауыттардан шығарылған өнімдерден улану фактілері өңірімізде тіркелген жоқ. Біз өзге облыстарды мысалға келтіре отырып, бүгін кәсіпорын өкілдеріне семинар өткізудеміз. Жиында Шымкентте болған оқиғаны айттық. Онда 185 адам балмұздақтан уланған болатын. Мұндай фактілер қайталанбас үшін тауар өндірушілер мен өнімді өткізушілерге алдын-ала ескерту шараларын жиі өткізіп тұрамыз.

Дегенмен, азық-түлік өндіретін зауыттарда жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер қысқартылған. Бұл кәсіпорындар жауапкершіліктен құтылытып кетеді дегенді білдірмейді. Жаңа заң нормасы бойынша бұдан былай әр кәсіпорын өздерінде ішінара тексерістер өткізіп тұрмақ.

Берік Қасен