Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұр Отан” партиясы СҚОФ кезекті отырысы өтті

Жиналғандар алдымен Астана қаласында өткен «Нұр» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қойылған бірқатар міндеттерді талқылады. Алқалы жиында Президент партияны жүйелі жаңғыртуды және бес әлеуметтік бастаманының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. Алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясы СҚОФ өкілдері өңірде “7-20-25” бағдарламасы аясында тұрғызылатын 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын өз назарларына алмақ.

Артур Молдағұлов – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:


– “7-20-25” бағдарламасы бойынша өңірімізде 1500 отбасыны арзан баспанамен қамту көзделуде. Бұл табысы аз жанұялар үшін жағымды жаңалық болары сөзсіз. Жаңа жылдан бастап 31 мың солтүстікқазақстандықтың салық жүктемесі төмендетіледі. Сондай-ақ, таяу арада 2 студенттер үйінің құрылыс басталмақ. Елбасы тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлер мен тұрғындарға несие беру жұмыстары одан әрі жалғасады. Қазіргі таңда 70 жобаны қаржыландыруға өтініш жолданды.

Жиын барысында саяси ұйымның өзге даму бағыттары аясында атқарылатын жұмыстар да айқындалды. Алдағы уақытта ел бойынша 22 партиялық жоба іске қосылмақшы. Соның біразы жастарға бағытталған.

Абылайхан Қайроллаев – “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ төрағасы:


– Қазіргі таңда бізде 4 жаңа жоба іске қосылуда. Біріншісі, жастарды “Цифрлық Қазақстан” және робототехника үйірмелеріне тартуға бағытталған. Екіншісі, “Сәтті қадам” жобасы бойынша мектеп бітірген түлектермен жұмыс жасаймыз. Үшінші, “Отан ана” жобасы аясында жастардың патриоттық сезімдерін оятуға арналған шаралар өткіземіз.

Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар «Жастар кадрлық резерві» партиялық жобасын сөз етті. Қазіргі таңда бұл бастаманың аясында солтүстікқазақстандықтар біліктілікті арттыру курстарына қатысып, жеке тұлғалық қасиеттерді дамытуда.

Берік Қасен