Құқық қорғау органдары

ІІМ Қалмұхамбет Қасымов есеп берді

Астанада өтіп жатқан еліміздің бас полицейі Қалмұханбет Қасымовтың есеп беру кездесуін видео байланыс арқылы теріскейліктермен бірге барлық аймақ тұрғындары көріп отыр. Жиында республикадағы криминогендік жағдай баяндалуда. ІІМ Қалмұхамбет Қасымовтың айтуынша, жағдай бірқалыпты. Жыл басынан бері Қазақстан аумағында жасалған қылмыстар саны 19 пайызға азайған.

Қалмұханбет Қасымов – ҚР Ішкі істер министрі:


– Тонау – 15 пайызға, зорлау – 14, ұрлық – 19,2, бұзақылық 19 пайызға азайды. Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар да кеміген. Тағыесірткіге қатысты 4 мыңнан астам факті тіркелді. Айта кету керек, өзгенің мүлігіне қол сұғу жағдайлары азаймай тұр. Әсіресе, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарымен Алматы қаласында жиі орын алады.

Негізінен, ұрылар тұрғындардың баспаналарына түсіп, құнды заттарды жымқырып кетеді екен. Министрдің айтуынша, әр 5-ші оқиға осы тұрғын жайларда орын алатын көрінеді. Сондай-ақ, ұялы телефондар да баукеспелердің оңай олжасына айналған. Ал, ауылды жерлерде мал ұрлығы тыйылмай тұр. Тоқтала кететін жайт, бұрын істі болғандармен жасалатын қылмыстар саны – 16, жасөспірімдер баратын заңбұзушылықтар 6 пайызға төмендеген. Десе де, бұл көрсеткіштер көңіл көншітпейді дейді Қалмұхамбет Қасымов.

Қалмұханбет Қасымов – ҚР Ішкі істер министрі:


– Өткен жылы жасөспірімдер 3140 қылмыс жасады. Оның 27-сі – кісі өлтіру, 36-сы – қарақшылық шабуыл, 492-сі – тонау. 3 мыңнан астам кәмелеттік жасқа толмаған бала қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 76 пайызының жасы – 16 мен 17-нің шамасында. Жалпы, еліміз бойынша 8 мыңнан астам жасөспірім есепте тұр.

Бұдан кейін министр тәртіп сақшыларының жұмыс барысында заманауи технологияларды пайдалануына тоқталды. Осы ретте еліміздің бас полицейі Солтүстік Қазақстан облысын атап өтті. Теріскей өңірі ауылды жерлерде де камераларды орната бастаған, әзірге, алғашқы аймақ. Жалпы министрдің баяндамасы ұзаққа созылған жоқ. Қысқаша қайырып, негізгі сандарға ғана тоқталған Қалмұханбет Қасымов кейін тұрғындардан келіп түскен сауалдарға жауап берді. Сұрақты залға жиылған тұрғындар да, селекторлық режимде қосылған өңір азаматтары да қарша жаудырды.

Галина Семёнова – «СҚО Автокөлік одағы» ҚБ төрайымы, қалалық мәслихаттың депутаты:


– Соңғы кездері есірткінің жаңа түрлері шығып, қылмыскерлер оқушыларды тартып жатыр дегенді естідік. Бұнымен күрес бағытында министрлік тарапынан қандай шаруа тындырылып жатыр?


Қалмұханбет Қасымов – ҚР Ішкі істер министрі:


– Бұл проблема синтетикалық есірткі заттарының көбейіп кетуімен байланысты болып отыр. Олар, тіпті, интернет арқылы сатылған. Өткен жылы біздер осындай 190 сайтты анықтап, ісін тоқтаттық. Бұл бағытта тисті жұмыстар ары қарай жалғасатын болады.

Жиында тағы министрге цифрландыру ісі, тәртіп сақшыларын баспанамен қамту және көші-қон мәселелеріне қатысты сауалдар жолданды. Қалмұханбет Қасымовтың есеп беру кездесуі аяқталған соң, сөз кезегін облыстық ІІД бастығы Берік Біләлов алып, өңірде атқарылған шаруаны баяндап берді.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:


– 2017 жылы өңірде жасалатын барлық қылмыстар түрі 19 пайызға азайды. Оларды ашу көрсеткіші де жақсарып, 73 пайызды құрады. Өткен жылдары жасалған қылмыстарды ашу деңгейі де жоғарылап отыр. Сөйтіп, былтыр 799 заңбұзушылықтың беті ашалды. Іздеуде жүрген 108 қылмыскер құрықталды.

Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар саны – 18,3, ал көшеде орын алатындары 33,7 пайызға азайыпты.

Мағжан Ахмадина