Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлдағы 30 шақты тұрғын үйдің қасбеті сырланады

Петропавлда сұр әрі көзге көне көрінетін көпқабатты үйлер көп. Алайда, жазғы маусым басталғалы, бұл баспаналардың қасбеті жаңа кейіпке еніп, ашық түстерге боялуда. Өзгерістерді байқаған шаһар тұрғындары бұл шаруаға оң баға беріп отыр.

– Әрине ұнайды. Қаланың көркін ашып тұр. Түстері қанық, әдемі.


– Осы жылы қаламыз көркейіп жатыр. Біз бұған өте қуаныштымыз.

Қазір Мир және Жамбыл көшелеріндегі баспаналардың сырты сырлануда. Тапсырысты орындау жергілікті “Мирас Group” серіктестігінің еншісінде. Жұмысқа өндірістік альпинистердің 6 бригадасы жұмылдырылған.

Саят Ермек – тілші:


– Сырт көзге қарапайым шаруа болып көрінгенмен мынадай кедір бұдыр қабырғаларды сырлау оңай шаруа емес. Жалпы, үйлердің қасбетін сырлауда ақ түске басымдылық берілген. Себебі ол шаһардың ажарын аша түседі.

Бүгінде 3 тұрғын үйдің сырты дайын, олар көрген көзі қуантады. Тағы алты баспанада сырлау жұмыстар жалғасуда. Ақ түстен бөлек фасадтар ашық сұр, шие, шабдалы сияқты түстерге де боялады.

Руслан Исмағамбетов- қалалық тұрғын үй инспециясы бөлімінің бас маманы:


– Дизайн мен эскиздерді сәулет және қала құрылысы бөлімі жасап шығарды. Тағы әлеуметтік желілерде сауалнамалар жүргізіп, қатардағы петропавлдықтардың кеңестерін де ескердік. Нәтижесінде, ең танымал нұсқаларды назарға алдық.

Жалпы, бір ғимараттың қасбетін әрлеу үшін бір аптадай уақыт қажет. Жұмысты бұдан да тезірек орындауға болар еді дейді мердігер. Алайда Петропавлда жиі тұратын қатты жел мен жауын-шашынның шамадан тыс түсуі бұған кедергі келтіріп отыр.

Арман Қошқарбаев – “Мирас Group” ЖШС шебері:


– Әр шаршы метрге 200-ден 400 граммға дейін сыр кетеді. Бәрі қасбеттің түріне байланысты. Егер ол тегіс болса көп материал кетпейді, ал кедір-бұдыр болса керісінше, біраз шығындау қажет.

Баспаналардың келбетін әрлеуде қолданылып отырған материал – қасбетке арналған эмульсия. Ол жауын шашынға төзімді. Мердігер тұрғын үйлердің жаңарған жайдары келбеті 10 жылға дейін сақталады деп кепілдік беріп отыр.

Саят Ермек – тілші:


– Түсі суық, сұр баспаналардың қабырғаларын қалыпқа келтіру үшін қалалық қазынадан шамамен 50 млн теңге қаражат бөлінген. Жазғы маусымның аяғына дейін шаһар бойынша 30-ға жуық баспананың қасбетін әрлеу жоспарланған.


Саят Ермек