Мәдениет

М.Жұмабаев құжаттарының түпнұсқалары табылуда

3 жасында Абайдың өлеңдерін жатқа білген, 4 жасында мектеп табалдырығын аттаған, 7 тілде еркін сөйлеп, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған. Бұның барлығы кішкентайынан зерек болған Мағжан Жұмабаев туралы. Азаттық, әлеуметтік, ағартушылық бағытты ұстанып, қалам тербеген майталманның бір шумақ болсын өлеңін білмейтін қазақ кемде-кем. Іс-шарада жастар ұлтжанды азаматтың кейінгі ұрпаққа арнап қалдырған шығармаларынан үзінді оқыды.

Әдия Еркін – Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:


– М.Жұмабаевтың өлеңдері – біз үшін өшпес мұра. Қазіргі таңда мен ақынның 80-ге жуық туындысын жатқа білемін. Алдағы уақытта міндетті түрде бұл шығармалар санын арттырмақпын.

Мағжан Жұмабаев 38-ші жылы жазықсыз ату жазасына кесіледі. Жарық көрген жинағы жойылып, туындыларын оқуға, жаттауға тыйым салынады. Өмірбаяны мен көрген азаптары туралы білгендер де аз еді. Сондықтан, 1960 жылы әдебиет майталманы ақталған соң да ол жайлы мағлұматтарды табу қиын болды.
Бүгінгі көрмеге ағартушының сақталып қалған құжаттарының түпнұсқалары қойылған. Бұл – Петропавлдағы педагогикалық техникумға мұғалім болып қызметке орналасқанда өткен сауалнамасы, ал мынау – 1936 жылы берілген төлқұжаты.

Берік Сапанов – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві директорының орынбасары:


– М.Жұмабаевтың ашаршылық кезінде жазған жазбалары табылды. Онда халыққа жаны ашып жазған хаттарын бірінші рет қойып отырмыз.

Мағжан Жұмабаев ауқаттылардан ақша жинап, Петропавл тұрғындарын аштықтан аман алып қалу үшін асхана ашқан екен. Ал, бұл – әдебиет майталманының Ресейдің Қазан қаласында 1912 жылы жарық көрген алғашқы “Шолпан” атты өлең жинағы. Кітапта ақынның 30 туындысы басылыпты. Жалпы қаламгердің дарындылығы бала кезінен-ақ байқалған дейін немере-інісі Тасболат Бекенов.

Тасболат Бекенов – М.Жұмабаевтың немере інісі:


– Менің әкем Мағжаннан 10 жас кіші болды. Олар далада ойнап жүргенде, ағам қатарларына қосылмайды екен. Өз бетімен қиялдап, көкке қарап, өлең жазған.

Барша түркі елі үшін орны бөлек М.Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығының біз білмеген қыры көп. Ақынның мол мұрасы әлі күнге дейін зерттелуде.

Эльмира Садвокасова