Мәдениет

Көркемөнер лицейінің оқушысы республикалық байқауда ерледі

Мадина Қайратова көркемөнер лицейінде 2-ші жыл оқып келеді. Осы аралықта ол түрлі республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп үлгерген. Жасөспірім кезекті дипломын “Ұлы дала әсемдігі” сайысынан жеңіп алды. Конкурстың 1-ші кезеңінде ол “Дала киіктері” атты суретін салыпты. Кейін жас суретшінің туындысы іріктеуден өтіп, 2-ші турға жіберілген екен. Ал Астана қаласында жас өнерпаздардың басы қосылған сайыста Мадина пленэр стилінде табиғаттың бейнесін қағаз бетіне түсіріп, әділ қазылар алқасын таңғалдырған екен.

Мадина Қайратова – “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің оқушысы:

– Байқауда 3-ші орынға ие болдым. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Себебі, сайысқа менен де тәжірибелі суретшілер қатысты. Жалпы, болашақта Ресей еліндегі жоғары оқу орнына түсіп, атақты дизайнер болғым келеді.

Ал Никита Колбаса болса, республикалық байқауға бірінші рет қатысып отыр. Сурет өнерімен 1 жыл көлемінде ғана айналысып жүрген жеткіншек байқауда аздап қобалжығанын жасырмады. Десе де, бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды дейді ол.

Никита Колбаса – “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің оқушысы:

– Менің жұмысым 1-ші кезеңнен өтіп, Астана қаласына жіберілді. Байқауда тұңғыш рет пленэр стилінде сурет салып көрдім. Бұл оңай емес екен. Осы жолы жүлделі орын алмасам да, келесі жылы жеңу үшін бар күшімді салып бағамын.

Жалпы бұл сайысқа еліміздің өңірлерінен келген 40-қа жуық өнерпаз қатысты.

Елена Сафинова – “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің оқытушысы:

– Біздің лицейімізден аталмыш байқауға 3 оқушы қатысқан болатын. Сайыстағы 8 жүлденің бірін Мадина иеленді. Конкурстан кейін балаларға сурет өнерінің майталмандары шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ, оқушыларымыз Мәскеу қаласындағы Третьяков галереясынан жеткізілген 50-ге жуық туындысын тамашалапты. Жалпы қазір біз шілде айында өтетін келесі байқауға дайындалып жатырмыз.

“Юнеско клубы” көркемөнер лицейі бүгінгі таңда 600-ге тарта баланы бейнелеу өнеріне баулып келеді.

 

Молдир Макишева