Ауыл шаруашылығы

Солтүстікқазақстандық қария дән сепкіш ойлап тапты

Ұлан Сүгіров ауыл шаруашылығы саласында 60 жыл еңбек етіпті. Бүгіндері жасы 78-ге келсе де, қол қусырып отырған жоқ. Өз тәжірбиесімен бөлісуде. Қазір ол ауыл шаруашылығы саласына қажетті тың қондырғыларды жасап шығаруға бет бұрған. Айталық, мына дән сепкішті қария 5-6 жыл бұрын ойлап тапқан. Айтуынша, құрылғы шетелдің егістік кешендерінен еш кем түспейді.

Ұлан Сүгіров – жоба авторы:

 


– Тыңайтқышты бөлек салады. Ал кешендер бірге салады. Олай істегенде дән күйіп кетеді. Жанар-жағармайды аз тұтынады. Кешендер 35 млн болса, мынау 3,5 млн тұрады. 10 есе арзан.

Агрегаттың тағы бір артықшылығы оны түрлі дақылдарды жерге сіңіруде қолдануға болады. Өйткені құрылғы егіс технологиясын жақсы сақтайды. Бүгінде қолданыста бар техника болса, майлы дақылдарды егудегі ерекшеліктерді ескермей жасалған дейді өнертапқыш.

Ұлан Сүгіров – жоба авторы:


– Майлы өсімдіктерді өсіріп жатыр. Оның нормалары басқа. Тереңдігі де басқа. Мысалы, рапсты 3 см егу керек. Оны комплекстер тереңге егеді.

Қондырғыны жасауға қарапайым, кеңестік кезеңдегі тұқым сепкіш көмекке келген. Соның негізінде заманауи агрегат жасалыпты. Ұлан Сүгіров ойлап тапқан құрылғыны «Металлэлектроконструкция» фирмасы жүзеге асырды. Бүгіндері оны Ақмола, Қостанай және жергілікті шаруалар қолданып жүр. Осы уақытқа дейін агрегаттың 20-дан астамы саталыпты. Ал биыл өкінішке орай, диқандар жалғыз тұқым сепкішті алған. Тағы 5-уі көктемгі дала жұмыстары кезінде қолданылмай, зауыт аумағында қаңырап тұр.

Мағжан Ахмадина