Қоғам

Шілденің 1-інен бастап базалық зейнетақы жаңаша есептелмек

Бүгінде елдегі базалық зейнетақы көлемі барлық қазақстандықтар үшін бірдей 15274 теңгені құрайды. Енді, оның мөлшері орташа есеппен 1, 8 есеге өседі. Яғни, еңбек өтілі мен табысқа тікелей байланысты болмақ.

Мереке Мұхамедияров – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Зейнетақы 1998 жылдың 1-қаңтарына дейін жинақталған еңбек өтіліне және 1998 жылдың 1-қаңтарынан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңдеріне байланысты болады.

Бұл ретте атап өту керек, егер азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан аз немесе тіпті болмаған жағдайда базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына, яғни сол баяғы 15 274 теңгеге тең болмақ. Ал, 10 жылдан артық әрбір жыл үшін зейнетақы мөлшері 2 пайызға өсіп отырады.

Мереке Мұхамедияров – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Ал 33 жыл және одан да көп болған жағдайда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына, яғни, 28284 теңгеге тең болады.

Өзгерістер үстіміздегі жылдың 1-ші шілдесінен бастап күшіне енеді. Бүгінде құрметті демалыстағы солтүстікқазақстандық саны 103 мыңға жуықтайды. Бұл жандарға базалық зейнетақыны қайта есептеу үшін құжат жинап, әуре-сарсаңға салынудың қажеті жоқ. Себебі, ақпардың бәрі базада бар.
Бұдан бөлек шілденің алғашқы күнінен бастап бала кезінен 1-топтағы мүгедек деп танылған жанға күтім көрсетуге арналған жәрдемақының жаңа түрі белгіленбек. Оның мөлшері 29699 теңгені құрайтын болады.

Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:


– Жәрдемақы бала кезінен 1-топтағы мүгедек азаматтың өтініш берген күнінен бастап барлық кезеңге тағайындалады. Егер жарым жан әрекетке қабілетті болса қажетті құжаттар мен өтінішті өзі тапсырады, қабілетті болмаса заңді өкілі немесе қамқоршысы жазады.

Бұл ретте өтінішті тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсеу орталығына барып немесе электрондық үкімет порталы арқылы үйден шықпай-ақ жолдауға болады.

Саят Ермек