Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қоғамдық көлік саласындағы мәселелер талқыланды

Халықаралық сарапшылар облыс орталығында бір ай бойы жұмыс істеген. Шетелдіктер қоғамдық көліктердің сапасын, жүру ұзақтығын тексеріпті. Осылайша, мамандар шаһардағы автобус бағыттарының оңтайландырылмағанын анықтады.

Гвидо Бруггеман -халықаралық сарапшы:


– Аялдамаларда ақпараттық табло жоқ. GPS құрылғылары арқылы автобустарды толықтай бақылауға алу мүмкіндігі жасалауы тиіс. Өйткені біз кей жағдайда қозғалыс кестесінің сақталмайтындығын байқадық. Бұл өз кезегінде қоғамдық көліктерге деген сұраныстың азаюына әкеліп соқтырады. Демек, тұрғындар межеленген орынға жету үшін альтернативті әдісті таңдайды.

Голландиялық сарапшы кемшіліктерді тізіп қана қоймай, оларды шешу амалдарын да көрсетті. Халықаралық тәжірибесімен бөлісті. Гвидо Бруггеман бірыңғай билет жобасын қолданысқа енгізуді ұсынып отыр. Бұл жолаушыларға артық шығынсыз, бірнеше бағыттың қызметін пайдалана отырып, межелі орынға тез жетуге мүмкіндік береді.
Ал екінші сарапшы Валерий Мосьпан ескі автобустарды экологиялық, ыңғайлы және қауіпсіз баламасына алмастыру қажет дейді. Тіпті қоғамдық көліктерді сығымдалған табиғи газға көшіруге кеңес береді.

Валерий Мосьпан – қоғамдық көліктер бойынша сарапшы:


– Петропавлда бір бағыт бойынша бірнеше маршрут жүреді. Бұл жапғдайда автобус жүргізушілері жолаушылар үшін таласып, жылдамдықты асыруы мүмкін. Ол дұрыс емес. Сондай-ақ, қаладағы қоғамдық көліктердің 80 пайызы дизельдік отынмен жүретіндігін анықтадық. Яғни, экологиялық норма сақталмайды.
Көп жағдайда салондар толық болмайды екен. Нәтижесінде автобустардың 30 пайызға жуығы рентабелді емес. Яғни, жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың бұл істен көріп отырған пайдасы аз.

Жолаушыларды тасымалдау бағытында мәселелердің бар екендігін қалалық әкімдік жоққа шығармайды. Керісінше, сарапшылармен ақылдасып, тығырықтан шығудың жолын таппақшы.

Дулат Шарапиденов – қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:


– Петропавлда 12 автобус және сонша шағын автобус бағыты бар. Барлығы 330 көлік. Оларға GPS құрылғысы орнатылған. Өкінішке қарай, автобус паркі толықтай жаңартылған жоқ. Небары 6 бірлік жаңа көлік алынды. Қазіргі таңда біз “Даму” қоры және ІІ-деңгейлі банктермен тасымалдаушыларды қаржыландыру жөнінде келіссөздер жүріп жатырмыз.

Қоғамдық көліктермен әр бағыт бойынша қатынайтын жолаушылар саны туралы нақты мәлімет жоқ. Оған қоса жанар-жағармай сапасының төмендігіне байланысты Петропавлда әлемдік стандарттарға сай келетін көліктерді қолданысқа енгізу әзірше мүмкін болмай отыр. Жиынға қатысқандар осылай дейді. Сондай-ақ, семинар барысында қоғамдық көліктердегі билет құны мен тарифтеу жүйесі де сөз болды.

Берік Қасен