Бизнес және экономика

“Бизнес-өсім” жобасы жалғасуда

Мына залға өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған азаматтар жиылған. Бірі ісін бір жыл бұрын бастаса, екіншісі бизнеспен талайдан айналысуда. Алайда, кәсіпкерлік – тек затты сатып, тұтынушы табумен шектелмейді. Оның қыр-сырын меңгеру үшін жан-жақты білім қажет. Қаржылық сараптама, келіссөз жүргізу мен мемлекеттік қолдау тетіктерін білген абзал. Осыған орай, облыстық кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бері «Бизнес-Өсім» жобасын жүзеге асырып келеді.

Елена Коняхина – СҚО кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері:


– Бизнес-Өсім жобасы «Бизнес-мектептің» үшінші кезеңі. Оның барысында кәсібін бастаған тұлғаларға бірқатар кеңестер беріледі. Бұл алдағы уақытта іскерлер үшін шаруаларын кеңейтуге септеспек.

Жоба бағдарламасы 5 күнге шақталған. Әр тренингтен соң, қатысушылар алған білімдерін тәжірибеде бекітетін болады. «СеверМонтажАвтоматика» ЖШС ел нарығында 10 жыл жұмыс істеп келеді. Компания басшылығы тренингке кәсіпорынның бас есепшісін жіберуді жөн көріпті.

Лариса Исакова – «СеверМонтажАвтоматика» ЖШС бас есепшісі:


– Бүгін тренинг барысында қарастырылған мәселелердің барлығы жұмысымызда өте қажет. Бас есепші ретінде әсіресе, салық төңірегінде айтылған дүниелер туралы тыңдау қызықты болды. Менің есепші ретіндегі еңбек өтілім 32 жылды құрайды. Алайда, білімімді жетілдіру еш артық етпес.

Биыл жоба аясында 100 солтүстікқазақстандық кәсіпкер осы саладағы білімін толықтырмақ.

Эльмира Садвокасова