Спорт

Үлкен теннистен әуесқойлардың республикалық турнирі өтті

Бұл дәстүрлі турнир жыл сайын еліміздің ондаған қаласынан әуесқой теннисистердің басын қосады. Өңірге белгілі бапкер, “Спартак” теннис клубының жетекшісі Александр Зайнутдиновтың кубогы үшін таласқа биыл 26 спортшы түсті.

Александр Зайнутдинов – “Спартак” теннис клубының бапкері:


– Бұл біріншілік шамамен 25 жыл ұйымдастырылып келеді. Ал ресми түрде 2011 жылдан бері өткізіп келеміз. Қазақстанның ең үздік деген әуесқой теннисистері жиналып отыр. Бәсекелестік мықты. Бұл спорт түрі Астана мен Алматы сынды қалаларда қарқынды дамып келеді. Бізге әлі теннис толқыны жетпей отыр. Қазір “Спартак” клубында 30-ға жуық жеткіншекті жаттықтырамын.

Бұл – жұптар арасындағы біріншілік. Сондықтан, бір уақытта алаңда 4 спортшы ойнайды. Ал жеңімпаз олимпиадалық жүйе бойынша анықталды. Алдымен 13 жұп екі топқа бөлінді, ал одан озып шыққандар плей-офф кезеңінде сынға түсті. Қатысушылардың географиясы ауқымды. Астана, Қарағанды, Талдықорған, Рудный мен Лисаковск – бұл толық тізім емес.

Қуандық Шынасұлы – турнирге қатысушы, Талдықорған қаласы:


– Өз кәсібім – тележурналист. Арнайы шақыртумен келдім. Петропавлға алғаш келуім. Тенниспен айналысып жүргеніме 18 жыл болды. Көптеген жарыстардың жүлдегерімін.


Спортшылардың кәсіптері де әр алуан, бірақ бәрі де бос уақытта теннисті ермек етеді. Қатысушылардың сөзінше, Зайнутдинов кубогы қауқарды тексеріп, шеберлікті шыңдауға мүмкіндік беретін таптырмас бәйге.

Олег Васильев – турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:


– Мен негізі кәсіпкермін. Тенниске 2005 жылы келдім. Түсінгенім – бұл спортпен айналыса бастаған соң, одан бас тарту өте қиын. Егде жасыма қарамастан, күнде жаттығам. Сондықтан, денсаулығым сыр бермейді.

Екі күндік турнир қорытындысы бойынша Лисаковсктың намысын қорғаған Леонид Папертный мен Сергей Разинкиннің жұбы топ жарды. Олар Зайнутдинов кубогі мен 300 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды.

 

Саят Ермек