Мәдениет

“Форте-трио” ұжымы Петропавлда өнер көрсетті

Халықаралық байқаулардың лауреаттарынан құралған «Forte trio» ұжымының музыканттары өз талантарымен талайды тамсандырып үлгерген. Классикалық музыка өнерін жалпақ жұртқа танытып жүрген олар елімізде ғана емес, бірқатар Еуропа елдерінде де өнер көрсетеді. Еліміздің үздік үштігіне пианист Тимур Урманчеев жетекшілік етеді.

Тимур Урманчеев – «Forte trio» ұжымының жетекшісі, пианист:


– Шілде айында “Forte trio” тобы концерттік бағдарламамен Италияға барады. Ал, тамызда Испаниядағы халықаралық фестивальге жол жүрмекшіміз. Бұл фестивальге әлемнің түкпір-түкпірінен атақты классикалық музыка орындаушылары жиналады. Сол халықаралық концертте біз қазақ өнерін ұсынамыз.

Ауқымды концерттік бағдарламаға романтик-композиторлардың шығармалары, сондай-ақ, құштарлыққа толы танго туындысы енген. Триодағы музыканттар туындыларды фортепиано, скрипка және виолончельмен орындайды. Бүгін кешке жиналғандарға олар атақты Астор Пьяццолланың 4 жыл мезгілі тангосын да ұсынды.

Сондай-ақ, Қызылжарлық сахна төрінде «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев ән шырқады. Ол жақында ғана Италия Жұлдызы Орденінің Кавалері атанған. Бүгінгі концертте әнші А.С Пушкиннің «Я помню чудное мгновенье» туындысын нақышына келтіріп орындап берді.


2 сағатқа жалғасқан концерт көрермен көңілінен шықты.

– Тамаша кеш болды. Мен өзім Пьяццолланың шығармашылығын ұнатамын. Бүгінгі концертте Ұлы Абайдың “Қаламқас” әні керемет орындалды. Сондай-ақ, музыканттар өз өнерлерінің һас шеберліктерін көрсете алды.

– Концерттен алған әсерім – керемет! Шабыттанып шықтым. Симфониялық оркестр классикалық музыканы жоғары дәрежеде орындады. Біз осындай Қазақстандық дарынды әртістерді мақтан тұтамыз.