Білім

Перопавлда қоғамдық кітап сөресі пайда болды

Алдымен шараға жиналғандар өздері оқыған кітаптарымен бөлісті. Мәселен, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының директоры Айжан Саханова Аллан Пиздің “Язык телодвижения” атты туындысын калың көпшілікке тарту етті.

Гүлжан Саханова – Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының директоры:

– Міне 18 жыл қатарынан бұл кітапты жанымнан тастамаймын. Адамдармен сөйлескен кезде оның пайдасы зор. Себебі, мұнда өзіңді қоғам алдында қалай ұстау керектігін және қалай сөйлеу керек екенін түсіреді.

Қоғамдық кітап шкафтары немесе бук-кроссингтер әлемде кең танымал. Алғашқы кітап сөресі 2003 жылы Германияның Бонн қаласында пайда болыпты. Кейін бұл идеяны басқа елдер де қолдаған екен. Енді міне, аталмыш жоба Қазақстанда етек жаюда. Игі шара облысымыздағы “Болашақ” қауымдастығының ұйымдастыруымен іске асты.

Ермек Тентек – “Болашақ” қауымдастығының СҚО бойынша жетекшісі:

– Бұл жобаның басты мақсаты – қала тұрғындарын кітап оқуға шақыру. Қазіргі таңда мұндай қоғамдық сөрелер Астана, Алматы, Орал, Шымкент және Қарағанды қалаларында бар. Енді міне, Петропавлдада пайда болды.

– Мына сөредегі кітаптар жанрлары бойынша алуан түрлі. Жобаға қатысуға ниет білдірген әрбір адам өзіне ұнаған кітабын алып, орнына басқасын қоя алады.

Қоғамдық кітапхана қала тұрғындары үшін өте ыңғайлы. Әсіресе, аталмыш акцияны студенттер мен мектеп оқушылары қолдап отыр.

– Бұл өте пайдалы жоба екен. Себебі, мұнда өзіңе қызықты немесе пайдалы кітапты алуға болады. Мысалы, мен “Сөздікті” таңдадым. Сабақ барысында оның көмегі зор болатына сенімдімін.

– Мен көп оқығанды ұнатамын. Әсіресе, тарихи тақырыпта жазылған туындыларды жаным сүйеді. Бүгін өзіме керек кітапты таңдап алдым. Ал оның орнына сөреге “Көшпенділер” трилогиясын қойдым.

Айта кеткен жөн, “Bolashak books” жобасы аясында пайда болған қоғамдық сөре “Сити мол” сауда ойын-сауық кешенінде орналасқан. Сондай-ақ, “Болашақ” қауымдастығы алдағы уақытта осындай форматтағы клуб ашуды жоспарлап отыр.

Мөлдір Мақышева