Спорт

Мүгедектер арасында үстел теннисінен республикалық чемпионат басталды

Бұл жандардың ойнау мәнері аяқ-қолы бүтін жандардан еш кем емес. Алайда, бірінің туғанынан қозғалысында ақауы болса, келесілері өндіріс пен жол апаты салдарынан арбаға таңылып қалған.

Дәл қазір Ақмола облысының намысын арқалап келген Ержан Жақанов пен теріскейлік Руслан Растенов ептілік пен күш сынасуда. Қос ойыншы алғашқы партиядан-ақ, мықтылықтарын көрсетті. Десе де, көкшетаулық теннисші жерлесімізден бірнеше кезеңде ұпай санымен басым түсіп, кездесудің жеңімпазы атанды.

Ержан Жақанов – әуесқой теннисші, Ақмола облысы:


– Командамызда 9 ойыншы бар. Әрқайсымыз өз жарысымызда ойын көрсетіп жатырмыз. Ойын жақсы өтті. Жеңіске жеттім.

Ал келесі бетте Оразалы Исенбай сынға түсуде. Елордалық зейнеткер қарсыласына тыным берер емес. Бұл спортта 18 жылдық тәжірибесі бар қария, мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жарыстар жиі өткізілсе, – дейді.

Оразалы Исенбай – әуесқой теннисші, Астана қаласы:


– Спортпен шұғылданған дұрыс деп есептеймін. Бір жағынан жастарға үлгі боласың. Үйде отырмай, қимыл қозғалыста боласың.

Үстел теннисінен кембағал жандар арасында республикалық турнир осымен 10 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биылғы байрақты бәсеке еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 130 спортшының басын тоғыстырып отыр.

Елена Марон – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубы директорының орынбасары:


– Республикада мүгедектер арасында түрлі деңгейдегі жарыстар жылда ұйымдастырылады. Соның бірі – осы үстел теннисі. Маңызды жарысқа біздің өңірден тірек-қимыл аппараты зақымданған 10 жерлесіміз қатысуда. Спортшылардың осалы жоқ. Бірінен-бірі өтеді.

Айту керек, 7 күндік жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар диплом және кубокпен марапатталады.

 

Бахыт Садвокасов