ТЖ

7 жасар бала батып кетті

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Алаңсыз ойынның арты қайғылы оқиғаға әкеп соқтырды. Новоникольское селосына апаратын көпірдің дәл осы жеріне 7 жасар Данил достарымен тас лақтыруға келіпті. Ойын барысында балғын қолына ұстаған ағаш бұтағын құлатып алған көрінеді. Оны аламын деп ұмтылғанда, аяғы тайып кетіпті. Мұнда, тіпті, баланың ізі де қалған.

Оқиға маусымның 9-ы кешкі 5-тер шамасында селодан 1,5 шақырым жерде орын алған. 7 жасар Данилдің ата-анасы ұлдарын әдеттегідей балалар алаңқайына ойнауға жіберген екен. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзінше, қайғылы оқиға жайлы тұрғындарға жақын маңда балық аулап отырған жасөспірім жеткізген. Қармақ құрған бала, тіпті, балғынның бір рет басын шығарып, кейін ұшты-күйлі жоқ болғанын айтыпты. Сол күні бастау алған іздестіру шаралары әлі күнге дейін жалғасуда. Алайда, әзірге Данилдің денесін табу мүмкін болмай отыр.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


– Іздестіру шараларына 3 бірлік техника мен 2 моторлы қайық жұмылдырылды. Бұған қоса, біздің сүңгуірлеріміз жұмыс жасауда. Ауыл тұрғындары еріктілер тобын құрып, іздеп бағуда.

Құтқарушылар таңғы алтыдан бастап қараңғы түскенше дейін іздеу шараларын жүргізуде. 2 тәуліктен астам уақыт ішінде мамандар 2,5 шақырым жерді мұқият тексеріп шыққан. Қазір сүңгуірлердің екінші тобы дәл осы аймақты тағы бір мәрте кезуде. Құтқарушылар бала денесінің қай жерде немесе қай аралықта болуы мүмкін екенін болжай да алмайды. Өйткені, судың ағыны қатты және көктемгі тасқын салдарынан құлаған ағаштар мен бөгде заттар айтарлықтай кедергі келтіруде. Әрі бұл маңның тереңдігі шамамен 10 метрді құрап отыр.

Алтай Тезекбаев – СҚО ТЖД жедел құтқару жасағының жетекшісі:


– Судың ағымы өте қатты. Оған қоса, су лай. Құтқарушылар, әр жерді мұқият тексеруде.

Айта кеткен жөн, бұл – облыс аумағында жыл басынан тіркелген осындай алғашқы оқыс оқиға. Осыған орай, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары балаларды үнемі бақылауда ұстап, өзен-көл маңында барша қауіпсіздік шараларын естен шығармау қажеттігін айтады.

Эльмира Сәдуақасова