Білім

Жергілікті ЖОО ауқымды өзгерістер күтіп тұр

Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ – еліміздегі белді жоғары оқу орындарының бірі. Мұнда студенттер 50 бакалавриат, 25 магистратура мен 5 докторантура мамандығы бойынша білім алады. Жаңа оқу жылынан олардың қатарына “жалпы медицина” мамандығы қосылады.

Серік Өмірбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:


– Университетіміз облыстағы еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлауға басымдық беріп келеді. Соңғы жылдары өлкеміздегі емдеу орындарында білікті дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалып отыр. Шамамен 200 ақ халаттыға бос жұмыс орны бар. Алдағы уақытта болашақ дәрігерлерге дәріс беретін оқытушылар құрамын жасақтайтын боламыз.

Университет қалашығын келешекте ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Мәселен, Пушкин көшесі бойында оқу-зертханалық корпус бой көтермек. 12 қабатты ғимараттың құрылысын 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында бастау жоспарланған.

Серік Өмірбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:


– Оқу-зертханалық корпуста озық технологиялар барынша қолданылатын болады. “Жалпы медицина”мамандығының студенттері, болашақ IT-мамандар да осында оқытылады. Зәулім нысанның құрылысына 7,5 млрд теңге қаржы жұмсау жоспарланған. Қомақты сома ел қазынасынан кезең-кезеңімен бөлінбек.

Сондай-ақ, осы маңда Елбасының “5 әлеуметтік бастамасы” бойынша 1200 орынға арналған қос жатақхана салу көзделіп отыр. Биылдан ЖОО-ның басшылығы қарамағындағы студенттер үйін қалыпқа келтіруді қолға алған. Айталық университеттің №3 жатақханасына күрделі жөндеу жүргізілуде. 5 қабатты нысанның сырты профлистпен қапталып, бөлмелері жаңа кейіпке енбек.

Талант Толғанай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


– Студенттер саны көбейгендіктен бір жағынан бізде жатақханада орындар саны аз. “Серпін” бағдарламасымен білім алатындар студенттер саны артып келеді. Өстіп орындар көп салынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бүгінде жергілікті университетте 5 мыңнан астам студент білім алуда. Солардың 65 пайызы – ақылы негізде, өзгелері мемлекеттік грант есебінен оқуда.

Бахыт Садвокасов