Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сенаттағы “Өңір” депутаттар тобы Петропавлда бас қосты


Қазақстан халқына арналған кезекті жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев алдағы 5 жылда АӨК-дегі еңбек өнімділігін, тағы өңделген ауылшаруашылығы тауарларының экспортын 2,5 есеге арттыру керектігін айтқан болатын. Елбасы тапсырмасынан соң мамандар саланың бүгінгі жағдайын сараптады. Мінберден сөз алған ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев белгіленген уақытта бұл көрсеткішке қол жеткізу оңай болмайтынын ескертеді. Бірақ тапсырманы орындау керек.

Арман Евниев – Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі:


– АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына біршама өзгеріс енгізуді жөн көрдік. Себебі ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жағын әлі де дамытуымыз керек. Бүгінде азық-түліктің 30 аталымының 25-імен біз ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп отырмыз. Ал алма, құс еті, шұжықтар, ірімшік пен қантты әлі де импорттаймыз. Бұл өнімдерді біз өзімізде шығара аламыз. Бірақ фермерлер мүмкіндікті пайдалана алмай отыр.

Сәйкесінше, ішкі нарықты қамтамасыз етпей, өнімді шетелге шығару да қиынға соғып отыр. Мәселен, Қазақстанның етті экспорттау арқылы жылына 2,6 млрд теңге пайда табуға қауқары бар. Бірақ қазір ел бойынша техниканың жағдайы көңіл көншітпейді, жолдардың сапасы сын көтермейді, тағы жер дұрыс пайдаланылмайды, білікті ауылшаруашылығы мамандары да тапшы. Ішкі нарықтағы сұранысты отандық өніммен қамтып, экспорттық әлеуетті арттыру үшін вице-министр саладағы мемлекеттік бағдарламаларды басқаратын арнайы кеңес жасақтауды ұсынып отыр.

Арман Евниев – Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі:


– Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы – әркім бір салаға жауапты болады. Үкіметте, мәселен, бұл міндет вице- министрлерге жүктеледі. Егер қойылған тапсырма орындалмаса, жауапты жазаға тартылады. Мұндай кеңестер облыстар мен аудандарда да дәл осы принцип бойынша жұмыс жасауы тиіс. Қазір осы бағытта еңбек етудеміз.

Қазір елімізде 30 мыңға жуық бордақылау алаңы бар. Алдағы он жылда олардың санын 100 мыңға жеткізу, ал ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің санын 5 есеге арттыру көзделген. Солтүстік Қазақстан облысы агросаясатты жүзеге асыру бойынша басқа өңірлерден көш ілгері келеді.

Айдарбек Сапаров – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:


– Қазір облыс көлемінде ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 80-ге жуық кәсіпорын жұмыс ітейді. Олардың 13-і ет, 14-і сүт, ал 47-сі ұнды қайта өңдейді.

Сөйтіп, 2017 жылы теріскейлік аграрийлер 93,6 млрд теңгенің өнімін шығарған, ал экспорт түсірген пайда 142 млн. АҚШ долларына тең. Қазір теріскей сүт өнімдерін шығаруды мықтап қолға алған.

Айдарбек Сапаров – Солтүстік қазақстан облысы әкімінің орынбасары:


– Биыл жалпы есепте 3600 басқа шақталған, қуаттылығы 14 мың тоннаға жететін 7 ірі сүт тауарлық ферма тұрғызбақшымыз. Қазір аудандарда сүт қабылдайтын 120 пункт жұмыс істейді. 38 сүтті бағыттағы кооператив құрылған. Осылайша қайта өңдеуге түсетін шикізаттың сапасын айтарлықтай арттырып отырмыз.

Теріскей жұрты етті бағыттағы шаруашылықты да дамытып келеді. Бүгінде Тайыншада шошқа өсіру кешені жаңғыртылып жатса, Ғ.Мүсірепов ауданында құс фермасы салынуда. Тағы жыл соңына дейін 10 мың басқа шақталған 5 бордақылау алаңы ашылмақ. Бірақ, проблемалар да бар. Ең маңыздысы – арзан несиелендіру. Бүгін теріскейлік шаруаларға мемлекеттік субсидиялардан көрі, ұзақ жылға, пайыздық үстемесі төмен несие алған тиімдірек дейді Айдарбек Сапаров. Бұл мәселелерді халық қалаулылары Елордадағы отырыстың талқысына ұсынатындықтарын жеткізді.

Саят Ермек