Қоғам

Петропавлда “Жұлдызды даяшы” акциясы өтті

Кеше, бейсенбі күні, шаһардағы “Сад” жазғы дәмханасына келген әр клиентті жағымды тосын сый күтті. Кәсіби даяғашылардың орнына меймандарға теріскейлік жұлдыздар қызмет көрсетті.

Анна Фролова – өңірге белгілі журналист. “Добрый вечер” газетінің тілшісі жерлестерімізге жақсы таныс. Тек кеше ол қаламын қолына мақала жазу үшін емес, тапсырыс үшін алды. Даяшы болуға қарағанда, клиент болу мен үшін үйреншікті дейді Анна. Десе де өзіне жүктелген міндетті ол қолдан келгенше атқарып жүр.

Анна Фролова – журналист:


– Біраз қобалжыдым. Студенттік шағымда бір екі рет жұмыс жасаған едім, сондықтан аз да болса тәжірибем бар. Бірақ мұндай эксперимент маған ұнады, қызмет көрсету арқылы, мен өзім үшін жаңа бір кәсіп түрін ашып, оны әр қырынан таныдым. Журналист ретінде де бұл іс мен үшін қызықты.

Бұл күні Аннадан бөлек тағы 9 “жұлдызды даяғашы” меймандардың көңілін табуға тырысты. Арасында тележурналистер, әншілер мен актерлер бар. Келушілердің дені даяшыларды бірден таныды.

Өзгелері бастарын шайқады.

Қанша дегенмен, сырт көзге жеңіл көрінсе де, қонақтарға қызмет көрсету оңай шаруа емес дейді бәрі бір ауыздан.

Ильдар Сисанбаев – әнші:


– Бұған дейін бұл қызметті атқарып көрмеппін. Ойлағанымдай оңай емес екен. Бұған көзім жетті. Енді өзім мейман болғанда әр даяшыға ерекше ілтипат танытып, қиын қызметін бағалайтын болдым.

Сондықтан, даяршының қызметіне кіріспес бұрын жұлдыздардың бәрі арнайы тренингтен өтіп, қызмет көрсетудің қыр-сырымен танысқан.

Елена Лукашова – СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының бапкері:


– Қонақпен тілдесу, оның талғамын танып, ұнайтын тағамдарды ұсыну, тапсырысты үстелге дұрыс қою. Осының бәрін жұлдызды даяшыларымыз үйренді. Енді сол білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетіп жатыр. Қазақстанда мейманға стандартқа сай қызмет көрсету жағы ақсап тұр. Осылайша, бұл мәдениетті сәл де болса көртеруді көздедік. Шара осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Оны облыстық рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы ұйымдастырды.

Ең алдымен “Жұлдызды даяшы” – бұл қайырымдылық акциясы. Өңірге танымал азаматтар бұл күні тегін жұмыс істеді. Ал әр әйгілі қызмет көрсетушіге клиент қалдырған шайпұл бір банкке жиналды. Бұл кеште даяғашылар шамамен 147 мың теңге жинады. Бұл таза шайлықтың сомасы. Тағы сапалы қызмет көрсеткені үшін кешегі түсімнің 10 пайызын дәмхана берді. Бар қаражат үш науқас балғынның еміне жұмсалатын болады.

Саят Ермек