Мәдениет

Киелі жерлерге – жүйелі таным

Республикада Қазақстанның қасиетті орындары туралы қос жинақтың тұсаукесері қаңтар айында өткен еді. “Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары” оқулығына еліміздің жүзден астам киелі жерлері енді. 6-уы теріскей өңірінің мақтанышы. Ал, “Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары” жинағына облыстан тағы 13-і мекен кіргізілген. Қасиетті деп танылған нысандардың арасында Ботай тұрағы, Уәлихановтар үйі, Ағынтай мен Қарасай Батырлардың мемориалдық кешені бар.

Берік Әбдіғалиұлы – «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы:


– Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында республикамыздың киелі жерлерін анықтаған болатынбыз. Бүгінде мен жергілікті өлкетанушылармен, қоғам қайраткерлерімен жарияланған еңбектерді талқылауға келіп тұрмын. Енді бұл жерде өңірдің қасиетті жерлер тізімі арнайы сараптау кеңесінде талқыланып, оның алғашқы тізімі шықпақ.

Зерттеу бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ. Бүгінгі отырыста өңіріміздің 8 ауданы сараптау кеңесінің мүшелеріне өз мәдени нысандарын ұсынды. Бұл тізімдегі ескерткіштердің әрбірі ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттелмек. Солардың бірі – қалмақтарға қарсы соғысқан қазақ батыры Жансүгір Баубекұлының зираты.

Қайрат Бабақов – Лесной селолық округының әкімі:


– Аққайың ауданының Аралағаш және Лесной ауылдық округтерінің шекарасында орналасқан Жансүгір батыр Баубекұлының зираты да киелі жерлердің тізіміне кірсе дейміз. Жансүгір атамыз 1742 жылдар шамасында туған. 90 жасқа дейін жеткен. Батыр қалмақтарға қарсы соғысып, көзге түскен. Жансүгір бабамыздың ерліктеріне орай, сол жерде кесене орнату жоспарлануда.

Айта кету керек, ақпан айынан еліміздегі барлық киелі жерлердің интерактивті картасы дайындалып жатыр. Оның негізінде әрбір облыстағы киелі жерлердің тарихын таныстырып, оған бағыт-бағдар көрсететін 3Д тур жүйесі жұмыс істей бастайды.