МТРА жаңалықтары

Денсаулық сақтау саласының проблемалары талқыланды


Алдымен, халық қалаулылары облыстық перинаталдық орталыққа соқты. Нысан 1990 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жылына мұнда ақ халаттылар 5 жарым мың келіншекті босандырады екен. Мұнда тағы жүктілігінде паталогиясы бар нәзікжандыларды емдеп, уақытынан бұрын туған балаларға күтім жасауға мүмкіндік бар. 165 орынға шақталған орталық өңіріміз бойынша 3-ші деңгейлі қызмет көрсете алатын жалғыз босану орны. Сондықтан, жүктілігінде паталогиясы бар теріскейлік нәзікжандылардың барлығы осында жеткізіледі. Жыл сайын жан сақтау бөліміне 250-дей бүлдіршін түседі екен.

Зәуреш Аманжолова – ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты:


– СҚ өңірінде демографиялық көрсеткіш өте төмен. Әсіресе туу саны аз. Мына перинаталдық орталық барлық технологиялармен жабдықталған. Мамандары өте білікті.

Алайда, қазір перинаталдық орталықта кадр жетіспеушілігі байқалады. Жас мамандарды мұнда тарту қиынның-қиыны. Өйткені жұмыс ауыр, ал жалақы төмен.

Ләззат Ақтаева – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:


– Қазір сандық технологиялар енгізіліп, жұмыс біраз жеңілдеген. Бұған қоса, мемлекеттен бөлінетін қаржы да аздап үнемделеді. Соны медициналық қызметкерлердің жалақысын көтеруге пайдалануға болады.

Ал, мынау – облыстық кардиологиялық орталық. Еліміздің алдыңғы қатарлы емдеу орындарының бірі өткен жылы жаңа техникалық жабдыққа қол жеткізген. Олардың көмегімен жергілікті жерде күрделі оталарды жасауға мүмкіндік туды.

Асхат Молжігітов – Облыстық кардиоорталықтың бас дәрігерінің орынбасары:


– Өткен жылы біз жасанды бүйрек жасауға арналған қондырғы алдық. Оның көмегімен былтыр 30 науқасқа ота жасалды. Тағы 2017 жылы баллондық контрпульсатор алдық . Бізге мүшкіл күйде жеткізілетін асқынған миокард инфарктіне шалдыққан тұрғындарды осы құрылғының көмегімен аяққа тұрғызамыз
.

Еліміз бойынша бүгінде шалғай аумақтарда орналасқан 20 елді-мекен бар. Бұл ауылдар ең жақын деген медициналық орталықтан 180 шақырым жерде жатыр. Сол селолардың 10-ы теріскей өңірінде екен. Сондықтан, олардың тұрғындарына жедел көмек реанимобиль мен санавиация арқылы көрсетіледі. Мәселен, өткен жылы 650 инфаркт жағдайының 349-ында әуе көлігі пайдаланған.

Асхат Молжігітов – Облыстық кардиоорталықтың бас дәрігерінің орынбасары:


– Бұндай науқастарды жеткізуге қажетті көліктер бізде жеткілікті. Қазір республикалық санавиациямен де жұмыс жасап жүрміз. Жағдайы мүшкіл адамдар көмекке шақырғанда, реаниматологтарды жедел түрде осы көліктермен жібереміз. Өкінішке орай, тұрғындар бізге тым кеш хабарласады. Сондықтан, олардың өмірін сақтап қалу әрқашан қолымыздан келе бермейді.

Кардиоорталықта жасалатын отадан кейін, науқастардың 60 пайызы сал ауруына шалдығады екен. Бұл ретте депутаттар емделіп шыққан әрбір тұрғынды үйіне жіберген соң, оның жағдайын бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Бұл олардың денсаулығын асқындырып жібермеуге септеспек. Кейін делегация балалардың инфекциялық бөлімшесіне бас сұғуды жөн көрді. Себебі, қазір 60 қазақстандық менингит ауруына шалдыққан. Олардың 13-і бүгінде көз жұмды. Инфекцияны жұқтырғандардың арасында 21 бала болыпты. Аталған мәселені кейін меймандар отырыс барысында да талқыға салды.

Зәуреш Аманжолова – ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты:


– Бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің жіті қадағалауында. Күнделікті мониторинг жүргізіледі. Осы орайда, өңірлеріңіздегі call орталықтардың жұмысын тексеріңіздер. Өздеріңіз қарапайым тұрғын ретінде хабарласып көріңіздерші. Қауырт желіде автоматты түрде жауап қайтарғыш қосылып тұрады. Не болмаса, онда тіпті хабарласу мүмкін емес.

Тағы ақ халаттылардың жиынында алдағы уақытта денсаулық сақтау заңнамасына енгізілетін өзгерістер сөз болды. Орын алатын жаңашылдықтардың бірі дәрі-дәрмек бағасына қатысты екен.

Зәуреш Аманжолова – ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты:


– Денсаулық сақтау заңы алдағы уақытта аздап өзгеріске ұшырайды. Қазір емдік препараттардың құнын бақылауға алу мәселесі қызу талқылануда. Біз Министрлік сайтына дәрі-дәрмектердің шектік бағасын орналастырмақшымыз. Кейін әрбір дәріхана соған сәйкес, жұмыс істейтін болады. Егер, заңбұзушылықтар орын алатын болса, нысанның лицензиясын алып қоюға дейін барамыз.

СҚ өңіріне келген делегация мүшесі нәзікжандылардың денсаулығына да тоқталып кетті. Мәселен, республикалық туу көрсеткішімен салыстырғанда теріскедегісі 1,6 есеге төмен екен.

Ләззат Ақтаева – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:


– Дегенмен, былтыр облыста аналардың өлімі 1,6 пайызға төмендеп, 100 адам басына шаққанда 12,5ті құрады. Сондай-ақ, жаңа туған нәрестелердің өлімі де 8,1 пайызға азайған.

Жиын соңында өлке дәрігерлері депутаттар мен денсаулық сақтау вице-министріне өз сұрақтарын қоя алды.

Эльмира Сәдуақасова