Мәдениет

Астаналықтар “Open Air” форматында концерт өткізді

Дана Сәлімқызы –тілші:


– Ел ордасы Астананың Петропавлдағы мәдениет күндері Опен Эйр концертімен тәмамдалмақ. Елге әйгілі жұлдыздардың өнерін тамашалау үшін мыңдаған жерлесіміз шағардың басты алаңына жиылды.

Ерекше ән кеші Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған. Бұл шараны шаһар тұрғындары мен қонақтарына тарту ретінде Астана әкімдігі ұйымдастырды.

Нарима Мұхамбеталина – Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары:


– Жоба бойынша Астана өзінің бағдарламалық кешін Қазақстанның барлық өнірлеріне паш етеді. Осы орайда біз батыстың барлық қалаларында болып қайттық. Енді міне Солтүстікке де жеттік.

Кештің басты қонақтары – Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздары – Алмас Кішкенбаев, Күляим Қаирбаева, Ринат Малцагов, Қайрат Баекенов және “Формат” тобы тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ринат Малцагов – Superstar.KZ” шоуының 2006 жылғы финалисті. Ол біздің қаламызға әрдайым қуана келетінін айтады. Өйткені, Петропавл оған туған қаласы Павлодарды еске түсіреді екен. Шаһар төріндегі концертте ол жерлестеріміз үшін өзінің авторлық өлеңдерін шырқады.

Ринат Малцагов – Қазақстанның эстрадалық әншісі:


– Петропавл қаласының тұрғындары бізді жылы қабылдады. Барлығының көңіл-күйі көтеріңкі. Бізге қолдау көрсетіп жатыр. Бұл – Петропавл халқының кең пейілі деп білеміз.

Кеште көңілді әндер айтылып, билер биленді. Оған қоса, “open air-ге” ортақтасқандардың арасында ұтыс ойындары ұйымдастырылды.

Ашық аспан астындағы концертке мыңдаған адам жиналды. Үш сағатқа созылған мерекелік кеш көрермендердің көңілінен шықты.

– Концер жақсы өтуде. Халық көптеп жиналыпты. Барлығымыздың көңіл-күйіміз тамаша.


– Концертке отбасымызбен арнайы келдік. Осындай мерекелік кештер көбірек бола берсін.


– Жұмыстан шығып, әдейі концертті көруге келдім. Бір серпіліп қалдым. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.

Айта кеткен жөн, әртістердің ел бойынша гастрольдік сапары қыркүйек айында Алматы қаласындағы үлкен гала концерпен аяқталады.

Дана Ешкенова