Мәдениет

“Гәкку” би ұжымы халықаралық байқаудан бас жүлдемен оралды

Осымен 4-ші мәрте өткізілген халықаралық “Грация” байқауына 20-ға жуық республикалық және ресейлік би топтары қатысқан. 7-20 жас аралығындағы өнер ұжымдары 5 номинация бойынша сынға түсті. Жаңадан құрылған жергілікті “Гәкку” би ұжымының тәлімгерлері үшін бұл жарыс үлкен сахнаға алғашқа жолдама болды. Би тобы бұған дейін тек Назарбаев зияткерлік мектебінің сахнасында ғана өнер көрсетіп келген.

Облысымызға белгілі хореограф Розалия Гайнанова ансамбльді сайысқа 2 ай бойы дайындаған. Сөйтіп, олар халықаралық би номинациясында қазақ және ұйғыр халық билерін асқан шеберлікпен орындап берген.

Розалия Гайнанова – “Гәкку” би ұжымының көркемдік жетекшісі:


–  Қыздар сахнаға шығар алдында біраз қобалжыды. Бірақ, сыни сәтте олар өздерін қолға алып, жақсы нәтиже көрсете алды. Мен ұстаз ретінде бұл балалардың алғашқы қадамдары жүлделі болғанына шын қуаныштымын.

Мижгона Нуралиева бимен кішкентайынан айналысады екен. Ал, мектептегі ансамбльге қатысып жүргеніне бір жылдың жүзі. Биші сахна төрінде қазылар алқасына бар өнерлерін көрсете алғандарына сенімді.

Мижгона Нуралиева – “Гәкку” би ұжымының қатысушысы:

 


–  Әрине, әрбір биші, әрбір өнерпаз сахнаға шықпай тұрып қобалжиды. Бірақ, би алаңында көздері жайнап тұрған көрермендерді көрген кезде, қорқыныш ұмытылып, биші өзін еркін сезіне бастайды. Би өнері адамның өмірге деген құштарлығын, көз қарасын білдіре алады. Сол себепті де, би өнері менің өмірімде де ерекше орын алады.

Би ұжымының құрамына кіретін 50 өнерпаз оқушы алдағы уақытта талай биік белесті бағындырамыз деп отыр.