Құқық қорғау органдары

Петропавлда жас инспекторлар байқауы өтті

Жас жол инспекторларының сайысы мерекелік ән-шашудан басталды. Биыл дәстүрлі додаға 13 құрама қатысуда. Әр командада 10 адамнан жасақталған. Олардың барлығы іріктеу кезеңдерінен өткендер. Балалар кішігірім концертті тамашалап болған соң, топ басшылары рапорт беріп, өз командаларын таныстырып өтті.

Сайыс дәстүрлі саптық байқаудан басталды. Міне, ортаға Уәлиханов ауданының “Бағдаршам” құрамасы шықты. Олар сап түзеп, бірінші-екіншіге саналды. Сайысқа 2 ай көлемінде дайындалған команда, өздерінің шеберліктерін көрсетуге барынша тырысып бақты. Жалпы бұл жеткіншектер аталмыш байқауға 2-ші рет қатысып отыр екен.

Аружан Сұлтанова – сайысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Біз сайысқа ұзақ дайындалдық. Жалпы қиын байқаулардың бірі – тест тапсыру. Себебі, мұнда барлық теория мен практиканы білу керек.

Ал мына жерде “Жас санитар” сайысы өтіп жатыр. Балаларға 10 сұрақ әзірленіпті. Оның 7-і – теориялық, ал өзгесі – практикалық сауалдар. Жамбыл ауданының намысын қорғауға келген оқушылар 10 тапсырманың 9-на еш қиындықсыз жауап берді. Жалпы қатысушылар 8 кезең, яғни, “Эрудит”, “Жас санитар”, “Топ басшылар байқауы”, “Агитбригада” және тағы басқа сайыстар бойынша үздіктерді анықтайды.

Баян Байғаскина – СҚО ІІД ЖПҚ аға инспекторы:

– Бүгін 27-ші жас жол инспекторлары сайысы өтіп жатыр. Оған 140-қа жуық мектеп оқушылары қатысуда.

Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталмақ.

 

Молдир Макишева