Қоғам

Петропавлда апаттық деп танылған үйдің қабырғасының бір бөлігі құлады

Уральская көшесіндегі 3-ші баспананың кірпіштері түнгі он екі жарымда опырылып, құлаған. Сол сәтте Гүлжан Ильясова ұйқыдан шошып оянғанын айтады. Нәзік жанды осы үйде жұбайы және екі баласымен 2011 жылдан бері тұрады екен.
Екі қабатты бұл үй 2014 жылы тұруға жарамсыз деп танылған. Амалдың жоқтығынан, қауіпті баспананы 5 бірдей отбасы паналап келген.

Гүлжан Ильясова – Уральская көшесіндегі 3-баспананың тұрғыны:


– Басқа тұратын жеріміз жоқ. Күйеуім ғана жұмыс істейді, пәтер жалдай алмаймыз. Сондықтан, апаттық баспананы мекен етуге мәжбүр болдық. Біз үйдің сол жағында тұрамыз, ал апат нысанның оң жағында орын алды. Бірақ, пәтеріміздің бір қабырғасы қисайып кетті. Қорқып, далаға атып шықтық.

Ал, түске таман апаттық баспанаға шаһар басшысының орынбасары Евгений Глотов бас сұғып, жағдаймен танысты. Оның сөзінше мәселе таяу арада өз шешімін таппақ.

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

 

– Қала әкімі жағдайдан хабардар. Бұл баспана – әкімдіктің бақылауында. Тұрғындар да бірнеше рет менің қабылдауымда болды. Бірақ, оқыс оқиға орын алады деп ойламаған едік. Әзірге, шаһарда бұл азаматтар үшін уақытша баспана жоқ. Тез арада қаржы немесе пәтер табуға тырысатын боламыз.

Қазіргі уақытта осы апаттық үйді мекендеген жалғызбасты кейуанаға жатаханадан уақытша бөлме берілген. Тағы үш отбасы туған-туыстарын паналамақшы.
Ал, біз әңгімелескен Гүлжан Ильясова қала бойынша пәтер кезегінде 47-ші болып тұр екен. Петропавлда ешбір туысы болмағандықтан, әзірге, қайда барып бас сауғалайтындарын білмейді.
Жалпы бүгінде қала бойынша 18 тұрғын үй апаттық деп танылған. Қазір бұл баспаналарда шамамен 200-ге жуық адам тұрады.

Альмира Жетпісбай