Спорт

Өңірде ұлттық спорт түрлерінен облыстық спартакиада өтуде

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Осыдан 7 мың жыл бұрын ең алғаш рет теріскей өңірінде жабайы жылқы қолға үйретілді. Сол уақыттан бері, міне, қазақ халқы көкпар шауып, ат құлағында ойнап келеді. Бұған бүгінгі бірнеше ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған спартакиада дәлел. Дүбірлі дода облыс бойынша 600-ден астам кіл мықтының басын қосты.

Аударыспақ, теңге ілу мен жекпе-жек. Қазақтың ұлттық ойындары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жанданды. Ата-бабамыздан қалған бұл спорт түрлерінің дамуына мемлекет тарапынан да көрсетілетін қолдау мығым.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазақтың ұлттық ойындары ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұра деп білеміз. Оны өркендетіп, салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың қатарын арттыру біздің басты міндетіміз.

Қай заманда болмасын ер жігіттермен бірге, иық тірестіріп сұлу бойжеткендер де ат үстінен түспеген. Ал, түрлі той-домалақтарда қыз қуу ойыны дәстүрлі түрде өткізіліпті. Оның ережесі айтпаса да белгілі, бұрымды қызды қуып жетіп, бетінен сүю қажет. Бұл арада азаматтың ептілігімен қатар сәйгүліктің шапшандығы сыналады. Мына Қасқалдақ атты тұлпар – Қазақстан бойынша ең жүйрік аттардың бірі. Көкпардағы жекпе-жекте ол басқа жылқыларға дес бермей, шаң қаптырып кетеді екен. Ал, бір жыл бұрын жүйрік ат өзінің көз тартарлық өнерімен тағы танылды.

Нағашысының берген Қасқалдағын қазақтың қара жорғасына билетудің шабандоз Еркебұлан Дюсеков үйреткен екен.

Еркебұлан Дюсеков – шабандоз, Уәлиханов ауданы:


–  Қасқалдақ екеуіміз бір-біріміздің мінезімізді жақсы түсінеміз. Сондықтан, онымен көкпар ойнау маған өте ұнайды. Өткен жылы оны қара жорға билеп үйреттім.

Көп күттірмей жұртшылықтың делебесін қоздырған көкпар басталды. Ортаға Қызылжар және Уәлиханов аудандарының білекті жігіттері шықты. Соңғылары ойын басталысымен-ақ серкеге ұмтылып, белсенділік танытуда. Бұл шабуыл көп ұзамай өз жемісін де берді. Салым. Есепті Уәлиханов ауданының шабандозы ашты. Қызу дода жасыл жейде киген жігіттердің басымдылығымен жалғасты. Осылайша, алғашқы кезеңде қызылжарлықтар қарсыластарына есе жіберіп алды. Екінші кезеңде де уәлихановдықтар ат үстінде мығым отырып, шапшаңдықтарымен көзге түсті. Команда ойыншылары серкені бірінен соң бірі шеңберге тастады. Ақтық есеп 12:1. Ұпайдың бірі – команданың ең кіші қатысушысы 14 жастағы Арыстанбек Махатовқа тиесілі.

Арыстанбек Махатов – шабандоз, Уәлиханов ауданы:


–  Серкені салу оңай болды. 8 жасымда атқа отырдым, 13 жасымда көкпар ойына қатыса бастадым.01-24Көкпардағы ең қиыны серкені еңкейіп көтеру. Құлап қалуың мүмкін.

Дәстүрлі спартакиадаға Ғ.Мүсірепов ауданының шабандоздары ерекше дайындалып келіпті. Биыл олар жарысқа су жаңа форманы Түркістан қаласынан тіктіртіп әкелген.

Ақзат Айтқожин – шабандоз, Ғ.Мүсірепов ауданы:


–  Биыл бұл форманы бізге арнайы тіктіртті. Өте ыңғайлы әрі әдемі. Аттың ер-жүгеніне дейін бар.

Бұл өтіп жатқан сайыс – әзірге, спартакиаданың бірінші кезеңі.

Руслан Арықов – жарыстың бас төрешісі:

 


–  Барлық ат үстіндегі жарыстар ипподромда екі күн бойы өтпек. Ал, тоғызқұмалақ, асық ату сынды спорт түрлері қаладағы Жастар сарайында ұйымдастырылады. Ұлттық ойындар бойынша спартакиада М.Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған. Сондықтан, доданың екінші кезеңі маусымның үшінші онкүндігінде ақынның туған жері – Сарытомарда өтеді.

Айта кету қажет, Аламан бәйге мен Түйе палуан сайыстарында жеңіске жеткен кіл мықтылар су жаңа көлік мінбек.

Эльмира Сәдуақасова