Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір агроқұрылымдары тұқым себу жұмыстарын аяқтап қалды

Бұл – «Атамекен Агро-Корнеевка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 250 гектар егістік алқабы. Қазір соңғы 30 гектар аумаққа тегеурінді техника жем-азық дақылдарын себуде. Осыған дейін агроқұрылым дәнді және майлы тұқымдастарды егіпті. Шетелдік себу кешендерінің бірін, тәжірибелі механизатор Владимир Сервонюк тізгіндеген. «Класс Аксион 950» техникасы күніне 90 гектардай жерге ырыс дәнін сіңіруге мүмкіндік береді.

Владимир Сервонюк – «Атамекен Агро-Корнеевка» ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:


– Озық себу кешенін 2 маусым бойы жүргізіп келемін. Сол уақыттан бері бір рет те сыр берген емес. Жаңаның аты жаңа емес пе. Маңызды науқанды барлық агротехнологияларды сақтай отырып ойдағыдай атқардық.

Үстіміздегі жылы серіктестік 16500 гектар аумақққа дән сіңірген. Соңғы жылдары мұндағылар нарық сұранысына сай, майлы тұқымдастарға алқаптарының қомақты бөлігін қарастырып жүр. Көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде атқаруға қуаттылығы жоғары «Джон Дир», «Донн», «Бурго» себу кешендері септескен.

Александр Матеров – «Атамекен Агро-Корнеевка» ЖШС бас агрономы, Есіл ауданы:

– Маңызды науқанға мамырдың 4-де білек сыбана кірісіп кеттік. Егістік шараларын орындауға техника мен жұмыс күші жеткілікті болды. Осы жылы 231 тонна жанар-жағармай алдырттық. Тұқым қорына тоқталсақ, биыл бірнеше майлы тұқымдастардың сұрпын жаңарттық. Ал дәнді тұқымдастардан «омбылық» дәніне басымдық береміз. Өйткені, ол өзгелеріне қарағанда ерте пісіп-жетіледі.

Үстіміздегі жылы Есіл ауданының жер емген шаруалары, 269 мың гектар алқапқа дән сіңіру жұмыстарын жүргізіпті. Соның 193 мыңына дәнді тұқымдастар егілсе, 64 мың алқап майлы дақылдарға қарастырған.

Ермек Түменбаев – Есіл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:


– Бүгінде майлы тұқымдастарға қарастырылған аумақта тұқым себу шаралары аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарына 1200 трактор, 79 себу кешендері мен 1195 себу агрегаттары жұмылдырылды. Аудандағы барлық серіктестік, шаруа қожалықтары дизельді отынмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Ол шамамен алғанда 5 мың тонна.


Есілдік диқандар қауырт маусымды 1-2 күннің ішінде толық аяқтауды көздеп отыр.

Бахыт Садвокасов