МТРА жаңалықтары

Аймақаралық сауда-экономикалық әріптестікті дамыту

Жыл өткен сайын Астана қарыштап дамып келе жатыр. Халық саны өсіп, сәйкесінше, бас шаһарда тұтыну көрсеткіші күрт жоғарылаған. Қазіргі таңда ел аймақтарынан елордаға түрлі өнімдер жеткізіліп тұрады. Мәселен, теріскей өңірінен Астанаға негізінен азық-түлік жіберіледі.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Аграрлық өңірімізден Астанаға негізінен сүт, ет және кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар жеткізіледі. Өткен жылы бас қалаға 100 аталым бойынша тауар түрін жөнелттік. Елбасы айтқандай, аймақаралық әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Осы орайда Астана мен СҚО-сы жақсы жобаларды бірігіп жүзеге асырып, екі өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштерін жоғарылатуға болады деп ойлаймын.

Кездесу барысында қос тарап әріптестік жайын сөз етті. 1 млн-нан астам халқы бар Астана қаласында кәсіпкерлікпен айналысу қай-қайсысына да тиімді. Бұл орайда бас шаһарды дамытуға өзге аймақтардың кәсіпкерлері үлес қоса алады. Қазір таңда елордада ұсақ сауда орындарының жетіспеушілігі мәселесі туындауда.

Рысгүл Қауғабаева – Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

– Мүмкін алдағы уақытта инновациялық, цифрлық бағыттар бойынша бірлескен жобалар жүзеге асырылады деген сенімдемін. Біз алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік механизмдерін тиімді пайдаланбақшымыз. Яғни, жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы кейбір қызметтерді жеке секторға өткіземіз. Мысалы, оның ішінде көшелерді жөндеу, қар тазалау жұмыстары бар. Сондай-ақ, бас қалада клинингтік қызметке деген сұраныс жоғары. Бүгінде осы бағытты дамыту қажеттігі туындауда.

Кездесу соңында қос тарап ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Соның негізінде алдағы уақытта түрлі салада әріптестік орнатылатын болады.

Берік Қасен