Ауыл шаруашылығы

Шаруалар несие алып, жылқы шаруашылығын дамытуда

Өңірімізде ата кәсіп – жылқы шаруашылығымен айналысып жүрген тұрғындар аз емес. Солардың бірі – Бақыт Ғабдуллин. Жасы ұлғайғандықтан, жерлесіміз мүйізді ірі қарадан көрі, жылқы баптағанды құп көреді. Осы істе 25 жылдық тәжірибесі бар атбегі жемді өзгелерден қымбат бағаға сатып алмайды. Жыл сайын 39 гектар жеріне арпа мен сұлы тұқымын сеуіп, малды қысқы азықпен қамтамасыз етеді. Қамбар ата төлдерінің бабын білетін ол былтыр мемлекеттің қаржылай қолдауына жүгініп, 6 млн теңге 20 бие сатып алыпты. Фермер “Игілік” бағдарламасы аясында берілетін несие арзан әрі шарттары тиімді дейді.

Бақыт Ғабдуллин – “Ғабдуллин” ШҚ жетекшісі, Аққайың ауданы:


– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жылдық 6 пайызы бар несиені алдым. Қарызды 6 жылға бөліп төлеймін.

Бірақ, биыл “Игілік” бағдарламасының шарттары өзгерді. Оның ішінде, несие сомасы 2 млн теңгеге азайды. Ал несиенің мерзімі керісінше 1 жылға ұзартылған.

Олжас Сағындықов – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СКФ несие бөлімінің басшысы:

– “Игілік” бағдарламасы аясында мүйізді ірі қара, ұсақ мал мен жылқы алуға болады. Сондай-ақ, аталған бағдарлама бал және құс шаруашлықтарын дамытуға бағытталған. ЖШС-тер, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер бұрынғыдай 6 емес, 4 млн теңгеге дейін заем ресімдей алады. Қор берген несиені 7 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.

Жалпы үстіміздегі жылы “Игілік” бағдарламасы аясында солтүстікқазақстандықтар 103 млн теңгеге 32 жобасын іске асырған.


Сондай-ақ, биыл “Сыбаға” бағдарламасына да өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте оған шетелден асыл тұқымды мүйізді ірі қара әкелгендер ғана үміт арта алады.

Берік Қасен