Мәдениет

Петропавлда Астананың мәдени күндері бастау алды

«Алтыбақан», «Құзғынның тауы», «Хан-балық», «Көшпенді», «Той керуені», «Қазына». Бұлардың барлығы – елімізге белгілі қазақстандық суретшілердің жұмыстары. Айталық, мына «Келін» деп аталатын картина Дәурен Макиннің қылқаламынан туған екен.

Айнұр Әбілқайырова – Тәуелсіздік сарайының көрме ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі, Астана қаласы:


–  Бұл сурет реализм жанрында жасалған. Кенеп-майлы бояу. Біздің қазақ халқының керемет салт-дәстүрі «сәукеле кигізу» бейнеленген. Кішкентайына бастап қыз бала туғаннан жасауын дайындайды. Солардың бірі осы- сәукеле. Дәулетті қыз тұрмысқа шығып жатса оның сәукелесіне 20 келіге дейінгі әшекейлермен безіндіріледі.

Бұл картина осыған дейін еліміздің 5 қаласында болды. Бізден кейін бұл туындыны авторы сатуды жоспарлап отыр. Шетелдік коллекционер картинаға 5 млн теңге беруге даяр. Жалпы мұнда осындай жеке авторлардың 10 шақты суреті қойылыпты. Олардың құны – 1,5 млн теңгеден басталады. Ал өзге туындылар Тәуелсіздік сарайының қорынан алынған жұмыстар екен. Мына залда елордалықтар әкелген 50 картина жайғастырылған. Н.Погодин атындағы орыс драма театрында өтіп жатқан көрмені солтүстікқазақстандықтар екі күн бойы тамашалай алады.

Марат Қожахметов – «Қазақстаның суретшілер одағы» СҚОФ төрағасы:

– Әр түрлі техника бар. Өзім жасаймын осындай ұлттық стильде. Өзіме ұнайды.

Картиналарды қолмен ұстауға болмайды. Бірақ суретке түсіріп, оның тарихын білемін дегендерге көрме мамандары көмекке келуге даяр. Тағы мұнда қазақстандық мүсіншілердің жұмыстары да қойылған. Бұдан бөлек, солтүстікқазақстандықтар елордалық театрлардың қойылымдары мен эстрада жұлдыздарының концертін тамашалай алады.

Нарима Мұхамбеталина – Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

 

– Ертең осы орыс театрының ғимаратында үлкен филармониялық концертіміз болады. Ал кешке орталық алаңда «Open Air» атты жастарға арналған мерекелік концерт өтеді. Тағы кішкентай көрермендерімізге Астана қаласының қуыршақ театры қойылымын әкеліп отыр.

Еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдығына арналған шаралар осыдан кейін Қостанай облысында жалғаспақ.

Мағжан Ахмадина