Семей өңірінде 1949-1963 жылдар аралығында жер бетінде жасалған сынақтардан 500 мыңдай адам азап шекті. Жарылыстар орын алған аймақтағы аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Сынақтардың салдарынан Семей облысында онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Кемтар балалар көбейді. Солардың бірі – Ләйлә. Радиацияның әсерінен оның денесі өспей, бала кейпінде қалып қояды. 20 жасқа жеткенше дейін маңайындағылардан теперіш көреді.
Досымхан Бейсенбаев – Астана қаласының мемлекеттік қуыршақ тертының әртісі:
– Бұл қойылымды Қазақстан қалаларында әдейі көрсетіп жүрміз. Өйткені семей полигоны жайлы қасіретті көбісі біле бермейді. Оның зардабы әлі бар.
Елордалық әртістер бойжеткеннің өмірі арқылы Қарауыл ауылының қасіретін көрсеткісі келген. Аталған елді-мекеннің қыз-жігіттері кемтарлығынан отау құра алмаған. Олардан көрші облыстардың жастары бойын аулақ ұстапты. Өзге балалардың қиналғанын көріп келіншектер де мүгедек болып туылған нәрестелерін өз қолдарымен өлтірген жағдайлар болыпты. Мәңгілік бала бейне – шынай өмірден құрылған трагедия. Бұл қойылымның форматы тым бөлек. Мәңгілік бала бейне ересектерге арналған және қосымша рөлдерді қуыршақтар емес әртістердің өздері сомдайды.
Айжан Салаева – Астана қаласының мемлекеттік қуыршақ театрының бас режиссері:
– Ересектер қуыршақ театрындағы спектаклдерді балалар ғана көруі керек деп түсінеді. Бұл дұрыс емес. Біз сахналаған қойылым ересектерге арналған. Трагедия жанрындағы осы спектакльді Қазақстандағы қуыршақ тетрларының арасында алғаш рет біз сахналап отырмыз.
Көрермен 80 минуттық қойылымнан мол әсер алғандарын айтады.
– Қойылым сәтті шыққан. Толқып отырдым.
– Шынымен жылағым келді. Әртістер образдарды шынайы орындады.
– Бұл заманға біз оңайлықпен жеткен жоқпыз. Қазағымыз қиыншылықтарды көп көрді. Заманымыз тиыш болсын!
Берік Қасен