Қоғам

Бірқатар құжаттарды онлайн рәсімдеуге болады

Ендігі кезекте, ел тұрғындары үшін бұрынғыдай кезекте тұрып, уақытты зая кетірудің қажеті жоқ. Мәселен, жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыруға болады. Ол үшін қызмет алушы еgov.kz порталына кіріп, авторизациядан өтуі қажет. Кейін электрондық өтінішті толтырып, сандық қолтаңбасын қояды. Сондай-ақ, жүргізуші ақ фонда суретке түсіп, өтініші, қолтаңба мен фотоны сканер арқылы жіберуі керек. Барлық операцияларды орындаған соң, қызмет алушы мемлекеттік баж салығын төлейді.

Әсел Табақова – “Азаматарға арналған үкімет” МК” КЕ АҚ СҚОФ халыққа қызмет көрсету бөлімінің маманы:

– Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін мемлекеттік баж салығын төлегені туралы электрондық чекті басып шығару керек. Дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған ХҚО-на жүгінуге болады. Орталық мамандарына өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басыңызды куәландыратын құжатты көрсеткен соң, жаңа құжатты алуға болады. Бұл процесс шамамен жарты сағат ішінде жүзеге асады. Айта кеткен жөн, өтінішті жұмыс уақытында жіберу қажет. Сондай-ақ, қызмет алушы жүргізушіден куәлігін ауыстырған кезде медициналық анықтама сұратылмайды.

Жүргізушілер үшін тағы бір жақсы жаңалық бар. Мамырдың 26-сында көлікті тіркеу жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Осылайша, транспортты сатып алғанда, не қайта рәсімдеген кезде көлікті техникалық тексерістен өткізудің қажеті жоқ. Бірақ, бұл жүйе шетелден келген автотранспорттарға қатысты емес. Сондай-ақ, көлікті рәсімдеуге байланысты кейбір қызмет түрлері электронды түрде жүргізіледі.

Евгений Зубков – “Азаматарға арналған үкімет” МК” КЕ АҚ СҚОФ халыққа қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі:

– Егер бұрын сатып алушы мамандандырылған халыққа қызмет орталығына жүгінуі керек болса, қазір барлық жұмыс электронды түрде жүргізіледі. Тіпті, сатушы мен сатып алушы бір қалада болмаса да , олар электронды түрде өтініш жазып, екі жақты келісімге келеді. Кейін ескі техпаспорт, нөмірлерін тапсырып, жаңасына ауыстырып, қажетті құжаттарды алады. Бұрын аталмыш процесске жүргізушілер 2 сағат жұмсаса, енді бұған небәрі жарты сағат уақыт кетеді.

Бұл артықшылықтар солтүстікқазақстандықтардың көңілінен шығып отыр.

– Бұл өте тиімді. Себебі, кейбір қызмет түрлерін үйден шықпай-ақ алуға болады.

– Жаңашылдықтарды құптаймыз. Әсіресе, жүргузуші куәлігін ауыстырғңанда медициналық анықтаманы сұратпайтыны жақсы болды.

Көліктің техпаспортын алу жүйесі де біршама жеңілдеп отыр. Өйткені, бұл процес те енді онлайн режимінде қол жетімді. Жалпы жыл басынан мамандандырылған ХҚКО-на 40 мыңға жуық жерлесіміз жүгінген. Олардың 10 мыңы – жүргізуші куәлігі ауыстыру бойынша қызмет алыпты.

Молдир Макишева