Мәдениет

Александр Пушкиннің туғанына – 219 жыл

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Жыл сайын 6 маусым әдебиет сүйер қауым үшін ерекше мереке. Әлемнің түкпір-түкпірінде еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Александр Сергеевич Пушкиннің туындыларынан үзінді оқиды. Себебі, орыс халқының әдеби тілінін негізін қалаушы майталман дәл осы күні дүние есігін ашыпты. Сол уақыттан бері міне 219 жыл өтті. Алайда, оның артынан қалдырған мұрасы еш ұмытылмаған емес.

Бұған қоса, бүгін – халықаралық орыс тілі күні. Бұл датаның А.С.Пушкиннің туған күнімен тұспа-тұс келуі бекер емес. Себебі, қабырғалы қаламгердің өз ана тілінің қалыптасып, дамып, гүлденуіне қосқан үлесі зор. «Чадаеву», «Зимнее утро», «Сказка о царе Салтане» және «Евгений Онегин». Азамат поэма, повесть, әңгіме, роман сынды сан алуан жанрлардың бәрінде қалам тербеген.

Ұлы ақынның туған күнінде ескерткіш алдына түрлі ұлт өкілдері жиылып, өз ана тілдерінде А.Пушкиннің шығармаларын оқыды. Бекайдар Шалақаев оның мұрасын 25 жылдай зерттеп келеді. Шараға сүйікті шығармасы Евгений Онегин романынан үзінді дайындаған екен. 42 орта мектеп директорының сөзінше, қаламгердің қай туындысын алып қарасақ да, үлкен өмірлік мағынаға толы.

Бекайдар Шалақаев – №42 орта мектеп директоры:

– А.Пушкиннің жазған әрбір шығармасында үлкен өнеге бар. Сондықтан, бұл туындылар баға жетпес мұра.

Василий Коноплев болса, бар саналы ғұмырын А.С. Пушкиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арнапты. Әсіресе, азаматты әлем бойынша әдебиет майталманына орнатылған ескерткіштер қызықтырады. Ең алғашқысы 1880 жылы Петерборда бой көтеріпті. Қазір СҚО бойынша ғана Александр Пушкинге арналған 3 монумент бар. Ал, жалпы алғанда ақынның құрметіне дүние жүзі бойынша 1000-нан астам ескерткіш соғылған. Василий Коноплев зерттеу жұмыстары барысында Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ пен Италияның қалаларын аралаған. 100-ден астам тарихи орынды аралаған жерлесіміз қорытындысы ретінде өз жазбаларының жинағын басып шығарған.

Василий Коноплев – орыс тілді жазушылардың халықаралық федерациясының мүшесі:

 


–  Италияның Синаго деген кішігірім қаласындағы қонақүй алдында белгісіз бір адамдарға ескерткіш қойылды деп естідім. Сол жақтағы жұртшылық оны танымал тұлғаларға ұқсатады екен. Өз көзіммен барып көруді жөн санадым. Барсам ол аумақта Пушкин мен Чеховқа арналған екі монумент тұр. Ал төменгі жағында Маникушин деген жазу бар. Бұл Петербордағы ең алғашқы ескерткішті жасаған Михаил Аникушиннің құрметіне жазылыпты. Ортасындағы нүкте түсіп
қалған ба, әйтеуір монументте Маникушин деп белгіленген.

Аталған іс-шара Петропавл қаласында осымен 20-шы мәрте ұйымдастырылуда. Жыл сайын Пушкинге арналған ескерткіш басына жүздеген адам келіп, ақынның рухына тағзым етеді.

Эльмира Сәдуақасова