Ауа райы

Маусым айындағы ауа райы

– Жаз келісімен тұрғындардың басым бөлігі бос уақыттарын табиғат аясында өткізуге асығатыны белгілі. Сондықтан оларды маусым айындағы ауа-райы толғандырып отыр.

– Маусым айы жаңбырмен басталды. Соған қарамастан, күн жылы болады деген ойдамын.

– Қыс мезгілінде де, көктемде де күн суық болды. Сол себепті, жаз да сондай болатын сияқты. Жалпы қазір климаттық өзгерістер жиілеп кетті.

– Маусым айы өткен жылғыдай бір қалыпты болады деп сенемін. Себебі, көктем айларында ауа-райы суық болды.

Маусым айының алғашқы күндері солтүстікқазақстандықтарды аса қуанта қоймады. Қатты жел соғып, біраз жерлерде нөсерлетті. Ауа температурасы маусымның 10-ына дейін түнде 2-7, ал күндіз 15-20 градусты көрсетпек. Желдің екпіні болса, тек айдың екінші онкүндігінде саябырсып, күн райы да жылы қабақ танытпақ.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалының метеорологиялық болжау бөлімінің басшысы:

– Екінші онкүндікте ауа температурасы түнде 19-24, күндіз 29-34 градус, ал кей жерлерде 39 градусқа дейін жетпек. Алайда, жаңбыр жауып, найзағай түседі деп күтілуде.

Үшінші онкүндіктің басында да ауа-райы бір қалыпты болады деп күтілуде. Түнде сынап бағанасы 12-17, ал күндіз 22-27 градусты көрсетеді. Кей жерлерде ауа температурасы 35 градусқа дейін жоғарыламақ. Сондай-ақ, жауын-шашын мөлшері нормадан тыс түсуі ықтимал. Ал желдің екпіні – 15-20 метрді құрайды.

– Тарихқа көз жүгіртсек, маусым айының ең жоғарғы температурасы 1963 жылдың 24-ші маусымда орын алған. Онда сынап бағанасы +38,4 градусты көрсетіпті. Ал ең төменгі көрсеткіш 1938 жылдың 10 маусымында тіркелген екен. Бұл күні ауа температурасы -1,5 градус болған.

 

Молдир Макишева