Мәдениет

Мағжанның мерейтойы маусымның 23-і Сарытомарда тойланады

Ақпанда, Түркияның бас қаласыАнкарада өткен халықаралық сипозиумда күллі түркі әлемі 2018 жылды Мағжан Жұмабаевтың жылы деп жариялап, қазақ елін бір қуантқан еді. Кейін, сәуірде, Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде Мағжанның өмірі мен шығармашылығына арналған алқалы форум өтті. Мұнда жыр алыбының ағылшын тіліндегі алғашқы жинағы жарық көрді.

Кемел Оспанов – СҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

АҚШ-тан Тимур Қожаоғлы келеді. Ол Мағжанның 16 өлеңін ағылшын тіліне аударып, жинақ қылып басқан. Енді санын 40-қа жеткізбекші. Бұл жинақ СҚО-ға сыйға тартылды.

Бұл – азаттық пен махаббатты қатар жырлаған, түркі әлемінің 20 ғасырдағы ең ұлы тұлғаларының бірі – Мағжанға шетелдіктердің берген бағасы. Ал еліміз ақынның 125 жылдығын дүркіретіп тұрып тойлап жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі мерейтойға орай 250-ге жуық іс-шара бекіткен. Экскурсиялар, байқаулар, көрмелер мен оқулар еліміздің түкпір-түкпірінде өтуде. М. Жұмабаев атындағы аудан болса, Фейсбукте “Мағжан Мерейтой” атты парақша ашып, онда арнайы бейнемарафон жариялаған. Ал ең негізгі әрі басты іс-шаралар маусымның 23-25-і аралығында өтпек. Маусымның 23-інде ақиық ақынның туған өлкесі – Сарытомарда дүбірлі той болады. Бұл шара 5 мыңнан астам отандық әрі шетелдік мейманның басын қосады деп жоспарланып отыр.

Салтанат Әріпхан – М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:

– Ауыл маңынан 30-дан астам киіз үй тігіліп, шетелдік қонақтар үшін этноауыл бой көтереді. Тағы Мағжан оқуларының республикалық кезеңі, ұлттық спорт түрлерінен облыстық спартакиаданың ақтық кезеңдері өтеді. Арнайы жасалған ипподромда ат жарысын, қазақша күрестен біріншілік ұйымдастыру да жоспарда бар. Бас жүлдеге екі жеңіл автокөлік тігілген. Қазір мерейтой өтетін жерді қалпына келтіріп, жолдарды жөндеп жатырмыз. Бұл үшін облыс қазынасынан 232 млн. теңге бөлініп қойды.

Тойға келемін дейтін қазақстандықтарға есік ашық. Олар 2 күн бойы түрлі шараларға ортақтаса алады. Ал маусымның 25-інде бірқатар маңызды іс-шара Петропавлда өтпек.

Кемел Оспанов – СҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да “Мағжан Жұмабаевтың мұрасы және руханият” атты халықаралық конференция өтеді. Онда әлем бойынша мағжантанушы ғалымдар жиналады.

Бұл конференцияда “Қазақтың Мағжаны” атты екітомдық пен “Мағжан” энциклопедиясының тұсауы кесілмек. Бұдан бөлек, бүгінде мерейойдың арнайы логотипі де жасалып қойған, ақынның суреті бейнеленген пошта маркасы да жуырда қолданысқа енеді. Тағы Елордада арнайы мерейтойлық медальдардың 200 данасы соғылып жатыр. Бұл марапаттар ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеп, болмысын халыққа танытқан жандарға табысталмақ.


 

Саят Ермек