Спорт

Полицейлер президенттік көпсайыста бақ сынады

Міне 19 команда қаз-қатар тізіліп сап құраған. Шынықсаң шымыр боласың, деген қағиданы ұстанған 95 полицей 3 күн бойы үздіктерді анықтамақ. Бұл ауқымды іс-шара елордасы Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Алия Абельманова – СҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы кадр жұмысы бөлімінің бастығы:

– Бұл көпсайыс осымен 2-ші мәрте өткізіліп жатыр. Астана, Алматы, Жезқазған және тағы басқа қалалардан келген әріптестеріміз бар. Бүгін “Спорт сарайында” жарыстың ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Сайыстар екінші күні өткізіледі.

Күзет саласында 10 жылдан бері қызмет етіп жүрген Абылайхан Рахметов жарысқа Оңтүстік Қазақстан өңірінің намысын қорғау үшін келген. Ол осы тектес шараларға 5 жыл қатарынан қатысып жүргендіктен, жеңіске жетететініне сенімді.

Абылайхан Рахметов – Қару-жарақ қызметінің инспекторы, ОҚО:

– Мен 40-45 жас аралығындағы біріншілікке қатысамын. Негізінен, мен жүзу, 1000 метрге уақытқа жүгіру, 100 метрге жүгіру, гранат лақтыру және атыстан қатысамын. Өзіміздің облыс аумағындағы жарыстарға үнемі қатысамын. Ал, Петропавлға бірінші рет келіп тұрмын.

Жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 4 топқа бөлініп сайысты. Олар өз ептіліктері мен күштерін жауынгерлік қарудан оқ ату, еркін әдіспен жүзу, бір орыннан ұзындыққа секіру, гранат лақтырудан байқады. Чемпионат қорытындысы бойынша Ақтөбе өңірінің ішкі істер департаменті үздік атанды. Ал, жерлес полицейлердің құрамасы екінші орынға ие болды. Үздік үштікті Алматы облысының тәртіп сақшылары тұйықтады.

Альмира Жетпісбай.