Спорт

Грек-рим күресінен республикалық турнир өтті

Бірінші болып боз кілемге Ресейден ат терлетіп келген палуан мен петропавлдық спортшы шықты. Челябілік Иван Федченко алғашқы минуттардан-ақ өзінің қарқынын көрсете бастады. Жас өрен спорттың бұл түрімен 10 жасынан айналысып келеді екен. Өткен жылы да осы турнирге қатысып, жүлделі орынға ие болыпты. Қазір ол жерлесімізге партер әдісін қолданып, бір ұпайға ие болды. Енді Иван қарсыласының жауырынын кілемге тигізу керек. 18 жасар бозбаланың бұл ойы іске асып, 7 ұпай еншіледі.

Иван Федченко- турнирге ұқатысушы, Челябі қаласы, РФ:

– Жеңіске жету қиынға соқты. Қарсыласым өте мықты. Оны бұрыннан танимын. Алайда, бүгін менің бағым жанып, петропавлдық палуаннан басым түстім.

Кейін қостанайлық Иван Русин мен петропавлдық Исмагил Исмагилов кім мықтыны анықтады. Жерлес палуан грек-рим күресімен 5 жыл айналысса, Иванның тәжірибесі одан екі есе көп. Сондықтан болар, қостанайлық боз кілемде басымдығын танытып, 9 ұпаймен жеңіске жетті.

Иван Русин – сайысқа қатысушы, Қостанай қаласы:

– Бәрі ойдағыдай өтті. Бапкерімнің нұсқауларын ұтымды пайдаландым. Сол себепті, жеңіске жеттім. Қарсыласым өз кезегінде бірнеше рет қателесіп, оған ескерту жасалды.

Турнирге еліміздің түрлі өңірлері мен Ресейдің Челябі қаласынан келген 2000-шы жылғы және одан төмен жастағы спортшылар қатысты.

Жамбыл Тасеменов – ҚР құрметті спорт қайраткері:

– Сайысқа 10-ға жуық команда қатысып жатыр. Осы турнирде балалар өздеріне үлкен тәжірибе алады деген ойдамын.

Турнирде жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздао Азия чемпионатына жолдама алады.

Молдир Макишева