ТЖ

Теріскейлік құтқарушылар балықшылармен түсіндіру шараларын жүргізуде

Бақыт Садуақасов– тілші:

– Күн сайын құтқарушылар кезекшілікке түсіп, Есіл өзенін аралайды. Ондағы негізгі мақсат белгіленбеген жерде шомылатын тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әуесқой балық аулаушыларға ескерту жасау.

Статистикалық мәліметтер көңіл көншітпейді. Тек былтырдың өзінде облыстағы өзен-көлдерде 35 жерлесіміз судың құрбаны болған. Соның 7-уі кәмелет жасқа толмаған балалар. Қайғылы жәйттердің орын алуына көп жағдайда теріскейліктердің рұқсат етілмеген аумақта шомылуы себепші болып жатады. Ең өкініштісі, ащы ішімдікке тойып алып өзенге шомылуға әуес тұрғындар саны азаймауда, – дейді облыстық жедел құтқару жасағының басшысы Сергей Черкасов.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД жедел құтқару жасағының басшысы:


– Жедел-құтқару жасағында 4 қызметкер кезекшілікке түседі. Олар оқыс оқиғаға тап болған тұрғындарды өлім аузынан аман алып қалуға қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қалада халық шомылатын 2 жағажай бар. Ресми түрде биыл шомылу науқаны маусымның 1-нде басталды. Бірақ ауа райының суықтығына байланысты әлі суға түсіп жатқан жерлестеріміз жоқ.

Әуесқой балық аулаушылар да құтқарушылардың қырағы назарында. Мысалға, қармақ құруға әуес жандарда міндетті түрде құтқару жилеті болуы тиіс. Бұл заңнамаға биылдан енгізілген өзгерістердің аясында міндеттелген. Сондықтан, қайықта құтқару жилетінсіз жүрген балықшыларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.


 

Бақыт Садуақасов