Балалар

Петропавлда ұшу аппараттарының байқауы өтті

Мұндағы ұшу аппараттары алуан түрлі. Өздерінің өнертабыстарын балалар түрлі түске бояп, оюлармен де әрлепті. Кейбірі ұшақтарын қолда бар материалдардың көмегімен құрастырған. Мәселен, мына ұшу қондырғысы қарапайым полиэтилен мен ағаштан жасалған. Дельтапланның иесі – Булаев қаласының тумасы Вадим Манзюк. Оның айтуынша, барлық бөлшектерді жіппен тігіп, бір-біріне жалғау оңайға соқпаған. Соған қарамастан, 10 жасар жеткіншек ұшу қондырғысын 1 аптаның ішінде жинап, байқауға әкелген.

Вадим Манзюк – сайысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

– Мен дельтапланымды сәтті ұшырдым. Жалпы 1 айдың көлемінде “Автомодельдеу” үйірмесіне барып жүрмін. Қондырғымды да сол жерде құрастырдым.

Ал, мынау – төртбұрышты батпырауық. Қондырғы алғашқы секундтардан-ақ аспанға қалықтап ұшты. Илья Борисов туындысын жасауға 20 күн жұмсаған.

Илья Борисов – сайысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Мен мұндай сайысқа 2-ші рет қатысып отырмын. Бұл іспен айналысқан өзіме ұнайды. Болашақ мамандығымды да осы саламен байланыстырғым келеді. Батпырауығымды толықтай өзім модельдеп шықтым.

Сайыста ұшу құрылғыларын Петропавл қаласы мен өңірдің түрлі аудандардан жиналған 400-ге жуық оқушы сынай алды.

Александр Надточий – “Оқушылар сарайы” МКҚМ ғылым, техника және техналогия бөлімінің әдіскері:

– Қондырғыларды дизайны, жұмыстың күрделілігі және аспанда қалықтау уақытына қарап бағалаймыз. Аппараттарын аспанға ұшыру үшін балаларға 2 мүмкіндік беріледі.

Жалпы облыста ұшу қондырғыларының сайысы осымен 20 жылдан астам уақыт өткізіліп келеді.

Мөлдір Мақышева