Балалар

Петропавлда балаларды қорғау күні тойланды

Таң ата қиқыр мінез танытып, жауындатып тұрған ауа райы балғындар мерекесінің ажарын қашыра алмады. Басты алаңда жас ұрпақ үшін жас өнерпаздар сахнаға шығып, ән айтты, би биледі.

Күн салқын, алайда, халықаралық балаларды қорғау күнін тойлауға шыққан шаһарлықтардың қатары қалың. Бұқараның ішінде Зикриндер отбасы да серуендеп жүр. Кәмшат пен Әсия абысындар, 5 балғынды ертіп ертемен Конституция даңғылына шыққан. Аналардың сөзінше, ауа-райына қарамастан әр бүлдіршін мейрамды сезінуі тиіс. Сондықтан бауыр еті – балаларына олар балмұздақ, поп-корн мен шарлар әперіп, көбелектердің көңілдерін барынша көтеріп жатыр.

Кәмшат Зикрина – қала тұрғыны:


– Еліміздегі балалар ауырмасын, аман болсан, дендері сау болсын. олар еліміздің болашағы.

Басты алаңда жыл сайын өткізілетін түрлі-түсті бормен асфальтқа сурет салу байқауын өткізуге биыл жаңбыр кедергі келтірді. Дегенмен, мұнда балақайлар көңілді старттар, өзге де ойын-сауық шараларына қатысты. Мәселен, мәдениет және демалыс саябағында кішкентай туристердің жарысы өтті. Сайысқа әрқайсысы 4 баладан тұратын барлығы 15 құрама қатысты. Мұнда мектеп жасындағы жеткіншектер кәсіби турситерге арналған кедергілер жолағын бағындырды.

Саят Ермек – тілші:


– Бұл кедергі “Көлденең маятник” деп аталады. Әдетте оны туристер өзенен не басқа да табиғи кедергілерден оңай өту үшін пайдаланады. Мұнда ең бастысы тепе-теңдікті сақтау керек, сондай-ақ қара күш те аса маңызды.

Жас туристер көлденең маятниктен бөлек, басқа да күрделі жаттығуларды уақытқа орындады.

Анастасия Куршакова – жарысқа қатысушы:

– Бұл кедергі “Көбелек” деп аталады. Екі арқан ортада түйіскен. Біз олардың бір басынан екіншісіне құламай жетуіміз керек. Бұл снаряд ептілік пен төзімділікті тәрбиедейді.

Балаларды қорғау күнінде ата-аналар балғындарды аттракциондар әлеміне апарады. Биыл да дәстүрден жаңылмай, балақайларды саябаққа алып келген петропавлдықтар аз емес. Мұндағы әр бүлдіршіннің қолында тәтті жұмсақ, ал жүзінде күлкі.

Саят Ермек