Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір салықшылары 5 айды қорытындылады

Биыл облыстық мемлекеттік кірістер департаменті 5 айдың жоспарын 109 процентке орындапты. Бұл – 34 млрд теңге. Ал жыл соңына дейін фискалдық орган өңір тұрғындарынан жалпы сомасы 86,4 млрд теңге жинауды көздеп отыр. Бүгінде барлық соманың 40 пайызы қазынаға түскен. Осы ретте айту керек, былтырғымен салыстырғанда биыл салық төлеушілерді тексерулер саны 65 пайызға қысқарыпты.

Төлеген Қабдөшев – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

– 5 айдың ішінде 243 тексеріс жүргізілді. Борышкерлер басты назарға алынды. Нәтижесінде салық төлеушілерден қазынаға 144 млн теңге өндіріп алынды. Камералдық бақылау жүйесі де нәтижесін беріп келеді. Салық төлеушілер кемшіліктерін тексерусіз түзетіп, бюджетке өз еріктерімен жалпы сомасы 328 млн теңге берешектерін қайтарды.

Келешекте қарызын кешіктіріп төлейтіндер тіптен күшейтілген бақылауға алынбақшы. Осылайша, фискалдық органдар борышкерлерді жиі тексеріп тұрады. Сондай-ақ, алда басқа да өзгерістер орын алмақшы.

Төлеген Қабдөшев – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

– Электрондық шот-фактура түбіртегіне көшетін күн алыс емес. Бұдан бөлек, кейбір салық қызметтерін өзге қалаларда алу мүмкіндігі туады. Осыған дейін басқа өңірлерге жұмыс сапарымен барған салық төлеушілерге бір құжатты алу үшін Петропавлға қайтуға тура келетін. Енді олай болмайды.

Сондай-ақ, жеке тұлғаларға қатысты біраз жеңілдіктер күшіне енбек.
Оларға айыппұлдарын өтеуге 30 күнтізбелік күн беріледі. Яғни, олардың ісі бірден сот орындаушыларға жолданбайды. Тағы бір жағымды жаңалық – облысымызда 51 елді мекеннің жеке бюджеті жасақталмақ. Олар салықтың 6 түрі бойынша аударылған түсімдерді жергілікті мәселелерді шешуге бағыттай алады.

Берік Қасен