Балалар

Монтессори әдістемелік кабинеті ашылды

Жаңадан ашылған кабинет Монтессори әдістемесі бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беретін барлық құрылғылармен жабдықталған. Бүгін балғындарға арнап алғашқы қызықты сабақ ұйымдастырылды.

Яна Шустова, дошкольный педагог-психолог КГУ “Дом ребёнка”:

– Бөлме үшке бөлінген. Мұнда физикалық дене дамуы, практикалық даму аймағы мен сенсорлық даму алаңы бар. Тәжірибелік бөлікте балалар киім жуу, үстелдерді сүрту, гүл суару сияқты күнделікті іс-әрекетке дағдыланады. Соңғысында балалардың заттар туралы түйсігін қалыптастырамыз.

Аталған әдістемені осыдан 1 ғасыр бұрын италияндық ұстаз Мария Монтессори дамытқан. Оның негізінде сау балаларды ғана емес, денсаулығында кінәраты бар балғындарды да сауықтыруға болады. Сондықтан, балалар үйі үшін таңсық педагогика негізінен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуда қолданылып келеді. Атап айтар болсақ, жаңа методика 3 жасқа дейінгі жүйке-жүйесінде ауытқуы бар балалар мен тірек-қозғалысы бұзылған мүгедек балғындар тәлім-тәрбиесінде пайдаланылуда.

Тимур Сұлтангазиев – облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Осы монтессори кабинеті ең кішкентай балаларға, моториканы жөңдеу үшін, социализацияны жақсарту үшін жақсы, күделікті қажетті заттарды үйретеді. Бұл жерде арнайы дайындалған педагогтар бар. Олар балалармен күнде 3,5 сағат жұмыс жасайды.

Міне, 3 жасар Алисамен логопед жұмыс істеп жатыр. Оңалту тобына 8 ай бойы келіп жүрген ол барлық тапсырмаларды ойдағыдай орындады.

Рамзия Давлетгиреева – “Сәбилер үйі” КММ дәрігері:

 

– Оңалту кабинетінде балалармен 9 айдай жұмыс жасап жатырмыз. Кішкентайлармен невропотолог, терапевт, травмотолог-ортопед, медицина қызметкерлері, тәрбиешілер, дефектологтар, логопед сынды білікті мамандар да үздіксіз жұмыс істейді. Нәтиже бар. Ендігі кезекте, Монтессори әдістемесі де біздің жұмысымызға біраз септеспек.

Монтессори кабинетіне қажет жиһаз бен жабдықтар Омбы қаласынан арнайы тапсырыспен алынған. Оған 2 миллион теңге жұмсалыпты. Балалар үйінің қамқоршылар кеңесінің мүшелері де, кабинетті қажетті құрылғылармен жабдықтауға қолдау көрсеткен.

Эльмира Сәдуақасова