Балалар

Балалар мен жасөспірімдер шеруі өтті

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Халықаралық балаларды қорғау күні 1949 жылы әйелдердің демократиялық федерациясымен бекітілді. Содан бері жыл сайын бұл күн барша сән-салтанатпен атап өтіліп келеді. Биыл теріскейліктер мейрамға мықтап дайындалыпты. Бірер сәттен соң балалар мен жасөспірімдердің оркестр және ансамбльдер шеруі бастау алмақ.

Дәл қазір балалар соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Бірі қолдарына ұстаған аспаптарын тексерсе, енді бірі саптарын түзеу үстінде. Бүгінгі күннің әр қатысушының есінде қалатыны сөзсіз. Өйткені, барша жұртшылық назары балғындарға ауған.

Міне, бірнеше ай бойы тыным таппай дайындалған балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі бастау алды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нен балалар Абай көшесінің бойымен жылжып келеді. Шеруді өнер колледжінің 100-ге жуық студенті бастаған. Жастар аспаптардың түр-түрінде ойнап, шара барысында бірнеше туындыны орындамақ. Сондықтан да оларға артылған жүк ауыр.

Олардың соңынан өзге колледж, университет студенттері мен мектеп оқушылары еріп келеді. Әрбір білім ошағы парадқа үлкен жауапкершілікпен қарап, түрлі-түсті костюм киіп, біркелкі қимылдарды жаттап алыпты. Шеруге қатысуға ықылас танытқандардың бірі – Балзия Аманжолова. М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж қабырғасында білім алатын студент балалық шақты артта қалдырғанымен, болашақ мамандығына байланысты әрдайым бүлдіршіндермен жұмыс істемек. Сондықтан, да шараға ат салысуға қуана келіскен екен.

Балзия Аманжолова – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті:

– Бұл барша халықты жақындастыратын мереке. Жұртшылықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Осындай парадқа қатысып жатқаныма өте қуаныштымын.

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шеруге ән және би ұжымдары қатысуда. Бұған қоса шаһарымыздың 20 оқу орны да өз үлесін қосып жатыр. Олар шараға өздерінің ең белсенді, әрі талантты жеткіншектері мен жастарын ертіп келіпті. Дарынды жасөсіпірімдердің бірі – қазақ мектеп гимназиясының 7-ші сынып оқушысы Ділнәз Мейрам.

Ділнәз Мейрам – Қазақ мектеп гимназиясының оқушысы:


– Мен 5 жыл бойы домбыра үйірмесіне қатыстым. Биыл ансамблімізбен республикалық сайысқа қатысып, 1-ші орын алдық.

Абай, М.Жұмабаев, Кәрім Сүтішев және Жамбыл көшелерінің бойымен жүріп өткен жастар қаламыздың бас даңғылына бет бұрды. Мұнда шеруге қатысушыларды төл мерекелерін атап өтуге келген бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары қарсы алды.

Ботагөз Тағұдретова – СҚО білім басқармасының бас маманы:

 

– Шараның мақсаты – жастарды Отансүйгіштікке тәрбиелеп, тату қылып өсіру. Биыл парад ірі қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да ұйымдастырылды. Шеруге 5000-ға жуық солтүстікқазақстандық қатысуда.

Жалпы, ауқымды шараға 1500-дей петропавлдық қатысты.

Эльмира Сәдуақасова