Мәдениет

“Мағжанның соты” пьесасына – 10 жыл

«Мағжанның соты» пьесасы Н.Погодин атындағы орыс драма театрында 2008 жылдан бері сахналанып келеді. Драма жерлес ақынның қасiретке толы тағдырын суреттейдi. Оның авторы Виктор Шалаев аталған қойылымды жұртшылыққа ұсынбай тұрып, көп ізденгенін айтады. Ақын жайлы деректерді Омбы облысындағы архивтер мен сонда тұратын қазақ диаспорасынан жинапты.

Виктор Шалаев – ҚР еңбек сіңірген әртісі:


– Зертеу жұмысының барысында мен М.Жұмабаевтың даналығына тәнті болдым. 17 жасында поэзияның шыңын бағындыра білген. Өлеңдері тұнып тұрған тағылым. Оны көзі тірісінде көре алмаушылар көп болды. Тіпті, М. Жұмабаевтың өлеңдерін ұрлап, өз атынан бергендер де бар екен. Халық арасынан шыққан қаскүнемдер оның абақтыда ұзақ мерзімге қалуына, атылуына себепкер болды.

“Мағжанның соты” пьесасындағы басты кейіпкер – ақынның рөлін Евгений Патешкин сомдап жүр. Актер бұл қойылымда ақынның зайыбы Зылихаға ерекше орын берілгенін айтады.

Евгений Патешкин – Н.Погодин атындағы орыс драма театрының актері:


– Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха да көп қиындық көрген. Мағжанды абақтыдан-абақтыға ауыстырғанда, соңынан іздеп барып жүрген. Ақынның жазған шығармаларын көзінің қарашығындай сақтап, халыққа жария болуына да себепші болған осы жары Зылиха. Біз соны көрсетуге тырыстық.

2008 жылы қазақтың ақиық ақынына арналған туынды Орталық Азия елдерінің ІІ театр фестивалінде «Тарихи тұлғаны айшықты сомдау» аталымында жүлдеге ие болды. Бірақ «Мағжанның соты» өзге мемлекеттерде сахналанбаған. Шетелдегі қазақ диаспоралары пьесаны өз елдерінде көруге ынтық. Дегенмен, қандастарымыздың бұл өтінішін басқа елдің билігі әзірге қанағатындырмапты.

Берік Қасен