Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Bio operations” серіктестігін жаңғыртуға 11 млрд теңге жұмсалады

“Bio operations” жауапкершілігі шектеулі серістестігі 2015-ші жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұрынғы “БИОХИМ” зауытының ғимаратында жасақталған кәсіпорын, жайлап еңсесін тіктеп келеді. Алпауыт зауыт – ұнның түрлі сұрпын, жанар-жағармай этанолы, бидай крахмалы, этил спирті мен әйнек тазартқыш сұйықтық өндіруге бейімделіп салынған. Алайда, әзірге зауытта тек ұнның бірнеше түрі шығарылады. Өзге өнім түрлері алдағы уақытта дайындау жоспарда бар.

Сәбит Ахметов – “Bio operations” ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:


– 2 кезеңнен тұрады. 1-ші этапта 5 миллиард теңге, 2-ші кезеңде 6 миллард теңге жұмсалады. Крахмал мен клейковина өндірісі болса, кейін биоэтанол өндірісін жолға қоймақпыз. Қазір шет мемлекеттен құрал-жабдықтар алдырттық. Бұрынғысы істен шыққан еді. Шикізаттың ең негізі ол бидай, оны біз 50 мың тоннадай жылына тұтынамыз.

Жаңадан жасақталған өндіріс орнының ұн үгу кешені толықтай автоматтандырылған. Мұнда адам күші тек кешенді бақылап, істен шыққан жағдайда ғана қажет. Диірменнің барлық үрдісін қадағалап, қондырғының тоқтаусыз жұмыс істеуі кешен жетекшісі Александр Стародубовқа сеніп тапсырылған.

Александр Стародубов – “Bio operations” ЖШС ұн үгу кешенінің басшысы, Тайынша ауданы:


– Мекемедегі әр линия тәулігіне 330 тонна ұн шығарады. Зауыт “А” және “Б” желілеріне бөлінген. Неміс қондырғыларының мүмкіндігі жоғары. Мысалға, 1 тонна бидайдан 750 келі ұн алынады. Ол көп жағдайда дәннің желімтігі мен натурасына тікелей байланысты. Егер шикізаттың сапасы төмен болса, 1 келі ұн шығаруға біраз бидай жұмсалады.

Биоэтанол өндіретін бірнеше цехты кәсіпорындағылар 2019-2020 жылдары іске қоспақ. Тек осы шикізатты алу барысында зиянды қалдықтар молынан шығады екен. Қоршаған ортаға қауіп төндірмеу үшін серіктестік басшылығы биоэтанол қалдығын кәдеге жарататын су жаңа кептіргіштің құрылысын бастап кеткен.

Евгений Синицкий – “Bio operations” ЖШС бас технологы, Тайынша ауданы:


– Мұнда монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаруа 80 пайызға орындалды. Заманауи кептіргішті немістің “ФЕТТЕРТЕК” компаниясынан арнайы тапсырыспен алдырттық. Қондырғының мүмкіндігі жоғары, ол сағатына 6 тонна биоэтанол қалдығын іріктеуге мүмкіндік береді.

Осылайша кәсіпорын алдағы жаңғырту жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асырып, отандық нарықта бәсекеге қабілетті компаниялар қатарына енбек. Бұған қоса қосымша жұмыс орындарын ашып, жүздеген тайыншалықты жұмыспен қамтуды мақсат етіп отыр.

Бахыт Садвокасов