Білім

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ түлектердің құжаттары жаңа форматта қабылданады

Мына жерде университет ректоры мен мектеп бітіруші түлектер жаңа форматтағы жобаның жұмысымен танысуда. Ендігі кезекте, жоғарғы оқу орны қызметкерлері талапкерлердің құжаттарын қабылдау кезінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының жүйесі сияқты жұмыс істейтін болады. Яғни, құжат тапсырушылар электронды терминал арқылы кезекке тұрып, талон бойынша қабылданады. Түлектер үшін мұндай жаңа форматтың басты тиімділігі – уақыттың үнемделетіндігінде.

Богдан Петров – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы:


– Мектеп бітірушілердің біздің оқу ордамызға түсуіне барлық жағдай жасалған. Соның бірі – “Бір терезе қағидаты”. Бұл жобаның аясында жұмысқа қажетті электрондық құрал-жабдықтар алынды.

Осы жерде кеңес бөлімі де жасақталған. Мұнда мамандар талапкерге мамандық таңдауға қатысты ақыл-кеңес беріп, толық ақпарат ұсынады. Университеттің тағы бір жаңашылдығы – “Колл” центр бөлмесінің ашылуы. Осы байланыс орталығы арқылы талапкер үйінде отырып-ақ барлық керекті сұрақтарына жауап алады. Тағы бір жағымды жаңалық – биыл университетте жалпы медицина мамандығы ашылады.

Серік Өмірбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:


– Біздің университетімізде жалпы медицина мамандығы ашылады. Бұл біз үшін өте жақсы жаңалық. Себебі қазіргі таңда медицина саласында жоғары білімі бар мамандар жетіспейді.


Жаңа мамандық түрін жергілікті жерде меңгергісі келетіндердің арасында Шыңғыс Даулетбаев та бар. Енді азамат аталмыш жобаның арқасында уақыт үнемдеп, барлық құжаттарын еш қиындықсыз оқу ордасына тапсыра алады.

Шыңғыс Даулетбаев – талапкер:


– Университетте осындай мамандықтың ашылғанына қуаныштымын. Себебі, бұрын дәрігер атану үшін басқа қалаларға баруға тура келетін. Енді міне өзімізде де аталмыш мамандыққа оқып шығуға болады. Оған қоса, оқуға түсу үшін тиімді жобалар қарастырылыпты.

Жалпы аталмыш оқу ордасы “Бір терезе қағидаты” форматының аясында абитуриенттерді маусымның 1-нен қабылдай бастайды.

 

Дана Ешкенова