МТРА жаңалықтары

66/37 әскери бөлімінің техникасы тексерілді

Әскери бөлімдегі әр техниканың алатын орны ерекше. Атқаратын қызметі және жабдықпен қамтылуына байланысты машиналар түрлі операцияларға жөнелтіледі. Сондықтан, жылдың қай мезгілі, түннің қай уағы болмасын арнайы көліктердің дайындығы сақадай-сай болуы қажет.

Дулат Әбілмажинов – ҚР ҰҰ 66/37 әскери бөлімінің батальон командирінің орынбасары:

 


– Біздің жұмысымызда сарбаздардың дайындығынан бөлек, техниканың әзірлігі де өте маңызды. Сондықтан, жыл сайын осындай арнайы көлік тексерісін ұйымдастырамыз. Мұнда жеке жасақты тасымалдауға арналған және жауынгерлік техника қойылып отыр.

Бұл көліктердің басым бөлігі ауа райы мен жол талғамайды. Алайда, техника болғасын да, ойда-жоқта ақаулар орын алып қалуы заңдылық. Сондықтан, әрбір машинада жолға арналған кішігірім сайман жәшігі бар. Бұны әскери салада «мүмкіндік жабдықтары» деп те атайды екен. Мына сарбаздардың барлығы өздері тізгіндейтін темір тұлпарлардың тілін жақсы біледі. Қиындық туындап жатса, оны дереу жоя алады. Сондықтан, тексеріспен келген комиссия мүшелері үшін машина жағдайынан бөлек, жүргізушілердің біліктілігі де маңызды.

Сыртынан қарағанда қарапайым автобус болып көрінгенімен, бұл жеке құрамды тасымалдауға арналып жабдықталған техника. Көлік ішінде қару қоюға арналған шкаф, әскерилердің керек-жарақтары сақталынатын жәшік те бар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автобус ішінде темір тор орнатылған. Мына ірі габаритті камаздың да мақсаты жасақты тасымалдау. Сыйымдылығы – 39 адам.

Дархан Сибанбаев – ҚР ҰҰ 66/37 әскери бөлімінің бөлімше командирі:


– Мына камаз жол талғамайды. Өткен жылы су тасқыны болғанда біздің құрам өз міндетін орындады. Өте терең жерлерден өте береді. Негізгі мақсаты – адам тасымалдау.

Ал, мына көлік алыс жолға шыққан сарбаздарды тамақпен қамтуға арналған. Былайша айтқанда, төрт дөңгелегі бар ас үй. Қала сыртында ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жиындары немесе операциялар болса, тағам осында дайындалады. Мұнда су қайнатқыштан бастап, қазанға дейін қажеттінің барлығы бар. Жалпы, жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға 40-тан астам техника шығарылған. Олардың басым бөлігі күнделікті қолданысқа қажет машиналар.

Эльмира Садвокасова