МТРА жаңалықтары

Қоқысты кәдеге жарату

Мына шара, шелек, пакеттер мен ілгешектердің барлығы қалдықтан жасалған. Күнделікті қоқыс жәшігіне түсетін платик бұйымдар өңделіп, міне осындай күйге енеді. Оларды қайтадан кәдеге жаратуды 5 жыл бұрын «Радуга» серіктестігі қолға алған.

Дәурен Катранов – «Радуга» ЖШС бас директорының орынбасары:


– Біз он жыл бұрын пластмасса бұйымдарын жасай бастадық. Ал 2013 жылдан бастап шикізат ретінде қалдықтарды өңдеп келеміз. Ең алдымен, қоқысты тек қабылдап алатынбыз. Кейін Бескөл ауылы мен қаладағы қоқыс жәшіктерінің маңына қағаз, пластик пен шыныны бөліп салуға арналған контейнерлер орнаттық. Жылына кәсіпорын 4 мың тонна пластмассаны өңдейді. Қоқыстан ең алдымен гранулла жасалып, тек содан кейін ғана бұйымдар шығарылады. Қоқыстан өңделген шикізаттың бір бөлігі еліміздің өзге өңірлеріндегі зауыттарға жөнелтіледі.

Бүгінгі таңда облыс орталығында қалдықтарды бөліп жинауға арналған 500 контейнер бар. Алда оларды жаңарту жоспарланған. Қазірдің өзінде аулаларда 100 жаңа жәшік орналастырылып жатыр.

Владислав Орлов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы:


– Қоқысты бөліп жинау бойынша «Радуга» серіктестігі жасап отырған жоба өте маңызды. Ол ең алдымен экология үшін жақсы. Екіншіден адамдарды тәртіпке үйретеді. Үшіншіден, қоқыста шашылып жататын заттарды шикізат ретінде қолдануға болады. Өкініштісі, бүгіндері өңірімізде қоқыстың тек 3-4 пайызы ғана өңделеді. Ал қалдық заттардың 70 пайызын қайтадан кәдеге жаратуға болады
.

Мәселен, 25 пластик бөтелкеден 1 флис күртеше, ал 60 келі қағаздан 1500 дана дәптер жасап шығаруға болады. Бүгіндері осы тектес қалдықтар өңіріміздегі 472 қоқыс алаңына жөнелтіледі. Солардың екеуі облыс орталығында, қалғандары аудандардағы елді мекендерде орналасқан. Бұл орындардың жағдайы сын көтермейді. Ал мамандар болса, 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан экологиялық заңнамаға өзгерістер енгізілетінін күтіп отыр. Оған сай, бөтелке, шыны мен қағаз қалдықтарды полигонға апарып тастауға болмайды. Нақ сол кезде қоқысты қайта өңдеуге арналған кәсіпорындар дами түсері хақ. Айта кетейік, бүгіндері теріскейде мұндай 8 ұйым бар. Солардың ең ірісі – осы «Радуга» серіктестігі.

 

Мағжан Ахмадина