Құрылыс

Оқушылар сарайының құрылысы жалғасуда

Жас өркен ықшам ауданы бір жыл көлемінде адам танымастай өзгерді. Құлағалы тұрған жер үйлердің орнына мұнда бірнеше қабатты баспаналар мен ғимараттар тұрғызылуда. Қарқынды жүріп жатқан құрылыстың басым бөлігі биылғы жылдың күзінде аяқталмақ. Дәл осы уақытта бұл маңда теннис корты, тұрғын үй кешені мен оқушылар сарайы бой көтереді. Соңғысының құрылысы өткен жылдың күзінде басталған.

Жомарт Қарсақбаев – «BI Civil Construction» ЖШС жоба жетекшісі:


– Жұмыс 40 пайызға аяқталған. Қолданылатын құрылыс материалдарының дені – отандық. Оның ішінде теріскейлік өндірушілердің тауары да бар. Шатырға СҚ-да өндірілетін ризолин материалын қолданамыз.

Нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлініпті. Бүгінде қаражаттың тең жартысы игерілген. Жалпы, оқушылар сарайына 3,3 га жер қарастырылса, оның 15 мың шаршы метрін нысанның өзі алып жатыр. 3 қабатты ғимарат 5 блоктан тұрады. Оның дизайны ерекше көз тартарлық. Сарайдың қасбеті мен витражын жасауға астаналық компания тартылыпты. Мамандар жобамен алдын-ала танысып, зерттеген екен. Олар 3 ай ішінде 4,6 мың шаршы метр аумақты шынымен қаптап аяқтаулары қажет.

Ғалымжан Сейітназаров – «Фирма Алкон+» ЖШС учаске басшысы, Астана қаласы:


– Бұл нысанда біз үшін жұмыс істеу – қызық. Оқушылар сарайының тұрғызылуына өз үлесімізді қосып жатырмыз. Материал сапасы – өте жақсы. Онымен 20 жылдай жұмыс істеп келе жатырмыз.

Құрылыс алаңында 180 шақты жұмысшы білек сыбана еңбек етуде. Олардың барлығы да өз ісінің шеберлері. Сондықтан да, 3 айдан соң бұл аумақта заман талабына сай ғимараттың тұратына күмән келтіруге негіз жоқ.

Эльмира Сәдуақасова:

– Бұл – оқушылар сарайының екінші қабаты. Мұнда алдағы уақытта голографиялық сынып, робот жасау мен дрондарды құрастыруға арналған сынды 10 шақты заманауи кабинет орналаспақ. Қазір аталған учаскедегі шаруа қызу. Мамандар нысанның ішкі өңдеу жұмыстарын бастап кеткен.

Оқушылар сарайы күніне 3 мың адамды қабылдауға қауқарлы болмақ. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге қажетті барлық орталықтар шоғырланады.

Қайрат Мұстафин – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:


– Нысанда үстіміздегі жылдың 9 қарашасында Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы өткізіледі. Жалпы, оқушылар сарайы IT бағытта жұмыс істейтін болады. Мұнда балалардың жан-жақты дамуына арналған үйірмелер, зертхана, заманауи технологиялар орталығы және мәжіліс залдарын ашу жоспарланған. Бұған қоса шағын кинотеатр, дыбыс жазу студиясы мен концерт залы да халық игілігіне тапсырылады.

Ғимарат алдына 12 мың шаршы метр кеспе тас, 4 мың шаршы метр асфальт төселмек. Тағы 125 орынға шақталған көлік тұрағы болады. Ал, басты шығу жолын жоба авторлары Таштитов көшесіндегі аллеямен біріктірмек ниетте.

Эльмира Сәдуақасова