Қоғам

Өңірде қоғамдық кеңес құрылды

Елбасы тапсырмасына сәйкес, жаздың ортасынан өңірлерде “5 әлеуметтік бастама” бағдарламасы аясында ипотекалық тұрғын үйлер мен студенттік жатақханалардың құрылысы басталмақ. Бұл мақсатқа бөлінетін қаражаттың игерілуі мен жұмыс сапасын “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалдары жанынан құрылған қоғамдық кеңестер қадағалайтын болады. Бүгіндері аталмыш институттың құрамына 30 шақты адам енді.

Артур Молдағұлов – «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:


– Жаңадан құрылған қоғамдық кеңестің құрамына саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орнының оқытушылары және мәслихат депутаттары кірді. Кеңес мүшелері тоқсан сайын құрылыс алаңдарына барып, ғимараттардың сапасын тексереді. Құрылыс барысындағы кемшіліктерді анықтап, оларды түзету бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар береді.

Өңірімізде алғаш рет қоғамдық кеңестің құрамына блогер жерлесіміз кірген. Николай Николаенко бір жыл көлемінде әлеуметік желілерде халықтың пікірін жариялап жүр. Осылайша, ол өзекті мәселелерді шешуге өзінше үлес қосып жүр.

Николай Николаенко – блогер:


– Мен тұрғындарды барынша белсенді болуға шақырамын. Бірде-бір заңбұзушылық назардан тыс қалмауы керек. Мен өзім қазір сапасыз салынған жолдарды видеоға түсіріп, оған пост жазып жүрмін. Кейін оны ютубтағы жеке каналыма жүктеймін. Бұл жұмыстарым өз нәтижесін беріп жатыр. Мен айтып жүрген олқылықтар түзетілуде.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері алдағы жұмыс жоспарын айқындап алды.

Берік Қасен